Еңбек пен бірлікті дәріптеген ауылдық байқау қорытындысы
Ai-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, Шиелі ауданында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың белсенділігін ынталандыру мақсатында «Ауыл күндері» байқауы бастау алған болатын. Бұл ауқымды жоба – еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, ауыл тіршілігін жандандыруға, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған игі бастама ретінде ерекше мәнге ие болды.
Байқау аясында әрбір ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, мәдени-танымдық іс-шаралар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орны мен маңызы кеңінен насихатталып, жастар арасында кәсіптік бағдар беру шаралары өткізілді. Бұл шаралар ауылдың әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі серпін берді.
Аталған байқаудың қорытынды кешіне аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қатысып, аудан еңбеккерлерін, ардагерлерді және жас буынды мерейлі шарамен құттықтады. Аудан басшысы сөзінде:
– Шиелі ежелден-ақ еңбекқор халқымен, өнерлі жастары және елге сыйлы азаматтарымен дараланған қасиетті мекен. Тарихқа көз жүгіртсек, облысымыздан шыққан 10 ғасыр адамының 5-еуі, 41 Социалистік Еңбек Ері мен 1 Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» иегері осы өңірдің перзенттері. Сұлу Сырдың бойында орналасқан Шиелі ауданы бүгінгі таңда өсу мен өрістеудің биік белестерін бағындырып, халқымыз бірлікпен, еңбекпен жеткен жетістіктердің тәтті жемісін татуда.
Еңбек күні қарсаңында облыс орталығында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қатысуымен өткен «Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты жиында «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының жеңімпаздары анықталды. Соның ішінде ауданымыз «Үлгілі аудан» номинациясы бойынша І орынды иеленіп, төрт коммуналдық техникаға қол жеткізді. Сонымен қатар тірек және серіктес елді мекендер қатарына кірмейтін ауылдардың жобаларын қаржыландыру аясында Майлытоғай ауылдық округіне 15 миллион теңгенің арнайы сертификаты табысталды. Бұл – ауыл дамуына тың серпін беретін маңызды мүмкіндік.
Аудан әкімі өз сөзінде:
– «Ауыл – елдің алтын бесігі» деген сөз тегін айтылмаған. Өйткені ауыл – салт-дәстүрдің түп қазығы, ұлттық болмыстың қайнар көзі. Ауыл дамыса – аудан дамиды, аудан дамыса – аймақ өркендейді. Осы орайда аудан орталығы мен барша 22 ауылдық округ тұрғындарына белсенділік танытқандары үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді.
Байқаудың қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Ауыл күндері» жобасына белсене атсалысып, ауылдардың дамуына үлес қосқан округ әкімдерін, ауыл белсенділері мен мәдениет, спорт, жастар ұйымдарының өкілдерін арнайы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Айта кетейік, «Ауыл күндері» байқауы бұған дейін жаңғыртылған Руханият алаңы мен халық игілігіне берілген жаңа «Денсаулық аллеясында» жалғасын тапқан болатын. Ал дәстүрге айналған игі шараның қорытынды концерті М.Шоқай атындағы орталық алаңда өтті. Байқау қорытындысында Шиелі кентінің өнер ұжымдары мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық салт-дәстүр мен патриоттық рухты арқау еткен сахналық көріністер жұртшылықтың көңілінен шықты.
Бұл байқау – ауыл халқының еңбекқорлық пен бірлікке деген құрметін дәріптейтін, жас ұрпаққа үлгі болатын ерекше мәдени-әлеуметтік бастама болып қалды.





