Қызылорда–Құмкөл автожолындағы жолайрық жаңартылды

491

Ai-news.kz.  Қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен атқарылып жатқан ауқымды жобалардың бірі – «Қызылорда–Құмкөл» автожолындағы көлік жолайрығының жаңғыртылуы.

Жолайрықта жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде негізгі кезеңдерінен өтті. Көпірдің бес кіреберіс қанаты асфальтталып, үстіңгі бөлігіне қиыршық тас төселді. Сонымен қатар 800 метрлік бөлігіне асфальт жабындысы салынды. Бұл шаралар көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік ағынын реттеуге септігін тигізбек.

Жаңарған жолайрық қаланың логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, қала ішіндегі көлік жүктемесін азайтуға үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе жолаушылар тасымалы мен жүк көліктерінің қозғалысы айтарлықтай жеңілдейді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының еркін әрі қауіпсіз қатынауына жағдай жасайды.

Жобаны жүзеге асырып жатқан «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жол құрылысы саласында мол тәжірибеге ие. Компанияның сапалы әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде аталған жолайрық келешекте облыс орталығының инфрақұрылымдық дамуына елеулі үлес қоспақ.

Айта кету керек, мұндай жобалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді. Жолдардың жақсаруы сауда айналымын ұлғайтып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Осылайша жаңғырған жолайрық қала дамуының маңызды қадамына айналуда.