Шөлейт аймақтарға төзімді ағаш түрлерін егу жолдары қарастырылды

627

Ai-news.kz.  Шөл және шөлейтті жерлерге төзімді ағаштар егу мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлімжан Рахымжановпен кездесті. Басқосуда өңірде экологиялық тепе-теңдікті сақтау, шөлейттенуге қарсы тұру және жасыл белдеулерді көбейту бағытындағы өзекті мәселелер қаралды. Әсіресе, шөл және шөлейтті жерлерге төзімді ағаш түрлерін егу жайы жан-жақты сөз болды.

Қазақ орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары қазіргі таңда "Қорқыт Ата әуежайынан" бастап "Белкөл" кентіне дейінгі 35 шақырым аумақтан топырақ сынамаларын алып, агрохимиялық талдау жұмыстарын жүргізуде. Бұл зерттеу нәтижесінде аймақтың топырақ ерекшелігі анықталып, жергілікті климатқа бейімделген ағаш түрлерін таңдау мүмкіндігі туады.

Мамандардың айтуынша, өңірдің табиғи жағдайында сексеуіл, жиде, жыңғыл секілді шөлге төзімді ағаштар ғана емес, сонымен қатар саялы ағаштар да өсіруге болады. Сол арқылы жол бойындағы шаң-тозаңды азайтып, жел эрозиясына қарсы тұруға жағдай жасалады.

Жиын соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, орман шаруашылығы саласындағы ғылыми негізделген ұсыныстарды өңірлік экологиялық бағдарламаларға енгізу қажеттігін жеткізді. Зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін белгіленген аумақтарға ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр.