Қазалыда су үнемдеу технологиялары енгізілген ірі шаруашылыққа барды
Ai-news.kz. Премьер-министрдің орынбасары Қазалы ауданындағы агросектордың жай-күйімен танысты
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келіп, өңірдің агросектордағы ахуалымен танысты. Сапар барысында ол облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Қарашеңгел ауылдық округіндегі Ақөзек учаскесінде орналасқан «РЗА» акционерлік қоғамының жұмысын көрді.
«РЗА» АҚ – 2000 жылы құрылған, су үнемдеу технологияларын енгізіп, заманауи әдістермен жұмыс істейтін ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу. Биыл шаруашылық 4706 гектар жерге егін еккен, оның ішінде 2238 гектарға күріш, 419 гектарға жүгері, 702 гектарға жаңа жоңышқа және 1347 гектарға ескі жоңышқа егілді. Мұнда 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл аудан тұрғындары үшін де маңызды әлеуметтік қолдау болып отыр.
Кәсіпорынның ауыл шаруашылығы техникасы да жеткілікті. Қазіргі таңда паркінде 25 трактор, 15 комбайн, 2 шөп шапқыш, 3 тіркеме және 11 экскаватор-погрузчик бар. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында шаруашылық тиімділікті арттыру үшін 2021 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын кезең-кезеңімен енгізуде. Бұл мақсатқа 600 миллион теңге бағытталып, Германиядан дренажды құбырлар мен арнайы соқа, ал Испаниядан жаңбырлатып суару жабдықтары сатып алынған. Жаңа технологиялар суды тиімді пайдалануға, өнімділікті көбейтуге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға айтарлықтай оң әсерін тигізіп отыр.
Қазалы ауданында суармалы жер көлемі 31 024,3 гектарды құрайды. Оның 17 445 гектарында ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріледі. Атап айтқанда, дәнді дақылдар – 5 881 гектар, майлы дақылдар – 500 гектар, малазықтық дақылдар – 8 900 гектар, картоп, көкөніс және бақша дақылдары – 2 164 гектар. Күріш егістігі – 5 636 гектар. Егін шаруашылығымен айналысатын 9 шаруашылықтың барлығы да күріш өсіреді.
Вегетациялық кезең басталғалы бері жоспарланған 295,03 миллион текше метр судың 259,6 миллионы, яғни 88 пайызы жеткізілген. Бұл көрсеткіш – егіннің уақытылы суарылуы мен өнімнің сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Сапар барысында Қанат Бозымбаев «Басықара» гидроторабының жұмысымен де танысып, шаруашылық жетекшілерімен кездесуде халықаралық су бөлу келісімдері туралы айтты. Оның сөзінше, көрші мемлекеттермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде вегетациялық кезеңді аяқтауға жеткілікті су алу жоспары бар. Атап айтқанда, 15 тамызға дейін Өзбекстаннан секундына 200 текше метр, ал Қырғызстаннан 150 текше метр су жеткізіледі деп күтілуде.
Бұл сапар Қазалы ауданының ауыл шаруашылығын дамытуға, су ресурстарын тиімді басқаруға және өңірдегі шаруашылықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.





