Биыл Қазалы халқы толықтай таза ауыз сумен қамтылады

296

Ai-news.kz. Қазалы ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, сондай-ақ су ресурстарын үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Жиын барысында аудан басшысы Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін ел халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасын еске салып, бұл межені Қазалы ауданы бойынша биылғы жылдың соңына дейін орындауды міндеттеді.

Қазіргі уақытта Қазалы ауданында жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын Шәкен, Сарбұлақ, Шилі және Шитүбек елді мекендерінде орталықтандырылған ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары қарқын алған. Жобалар толық аяқталған жағдайда аудан халқының 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Аталған елді мекендерде құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жобалар аяқталғаннан кейін әрбір үйге сапалы әрі үздіксіз ауыз су жеткізіледі.

Мәжілісте аудан әкімі жауапты сала басшыларына жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатаң мониторинг жасап, тозығы жеткен су нысандарын, мұнараларды жөндеуді тапсырды. Сондай-ақ, қызмет көрсетуші мекемелерге тұрғындарға үздіксіз әрі сапалы су жеткізу міндеті жүктелді.

Соңғы уақытта кейбір елді мекендерде судың сапасына қатысты тұрғындардан шағымдар түскені де айтылды. Осыған орай, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына ауыз судың сапасын күнделікті бақылауға алу тапсырылды.

Жиын барысында су жүйелерін сандық технологиялармен жабдықтау, есептегіш құрылғыларды орнату арқылы су тұтынуды оңтайландыру және үнемдеу мәселелері де сөз болды. Аудан әкімі бұл бағытта да нақты жоспар құрып, тиімді тетіктерді енгізуді тапсырды.

Қорытындылай келе, Қазалы ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті биліктің үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде аудан тұрғындарының өмір сапасы артып, инфрақұрылымдық даму қарқыны күшейе түспек.