Астана мен Домбыра күнін қазалылықтар кең көлемде атап өтті

236

Ai-news.kz. 6 шілде – Астана күні мен шілде айының алғашқы жексенбісіне сәйкес келетін Ұлттық домбыра күніне орай Қазалы ауданында ерекше мазмұнға толы мерекелік шара өтті. Әйтеке би кентінің Орталық алаңында ұйымдастырылған «Ел жүрегі – Астана, дала үні – Домбыра» атты ашық аспан астындағы концерт көпшіліктің көңілінен шығып, елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік жиынды аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев ашып, жиналған жұртшылықты аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің атынан құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде елдің бірлігін ұлықтайтын, ұлттық болмысымызды айшықтайтын бұл қос мерекенің маңыздылығына тоқталып:
 «Халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – домбыра төрімізден түспесін, Арқа төсіндегі ару Астанамыз жарқырап, жайнай берсін», – деген лебізін білдірді.

Кештің шымылдығы «Домбыра – қазағымның киесі, Астана – Отанымыздың жүрегі» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Одан кейін аудан өнерпаздары ән мен күйге толы концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермендерді рухани серпілтіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шара барысында жыл сайын дәстүрге айналған «Туған өңір – тұнған өнер» аймақтық өнер фестивалінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – өнер жолында еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген зор қолдау мен құрметтің белгісі.

Осылайша, қос мереке қазалылық жұртшылыққа шат-шадыман көңіл-күй сыйлап, ұлттық рухты асқақтатқан әсерлі кешке айналды. Алаңнан ән мен күй әуелеп, елдің мерейін тасытқан қуанышты сәттер көпшіліктің жадында ұзақ сақталары анық.