Президент паркінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

418

Ai-news.kz.  Аймақ басшысының бастамасымен соңғы жылдары облыс көлемінде халықтың игілігіне бағытталған ірі жобалар қолға алынып, аудандар мен қаладағы парктер, скверлер мен аллеялар кезең-кезеңімен қайта жаңғыртудан өткізілуде. Соның ішінде ерекше ауқымды жұмыстардың бірі – облыс орталығында орналасқан Президент саябағын толықтай жаңарту ісі. Бұл жоба аймақ тұрғындарына сапалы демалыс ортасын ұсынып қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетін айшықтай түсетін маңызды бастама болып отыр.

Саябақты қайта жаңғыртуды қолға алған бас мердігер – «Bi Global» ЖШС. Жоба аясында бір мезетте бірнеше бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Мұнда 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы мен 4 workout аймағы салынып, 7 демалыс аймағы және 4 фудкорт орындары қарастырылған. Сонымен қатар, келушілер үшін теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек аттракцион, арнайы тамақтану ғимараттары, би алаңы, стритбол, вело және жүгіру жолақтары, үлкен сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер салынуда. Жоба аясында шахмат, баскетбол, футбол алаңдары және арқан саябағы да бой көтермек. Мұндай көпфункционалды аймақтар тұрғындарға спортпен шұғылдануға, мәдени шараларға қатысуға және отбасы болып демалуға мүмкіндік береді.

Осыдан бөлек, саябақ аумағында жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері салынуда. Бұл жұмысты «Alem Qurylys AQ» ЖШС жүзеге асыруда. Лагерь аумағында спорттық блогы, әртүрлі іс-шараларға арналған event-аймақ, 4 тұрғын аумақ пен қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі үлгідегі 5 киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна және балаларға арналған басқа да демалыс орындары қарастырылған. Сонымен бірге, балалардың табиғатты танып-білуіне бағытталған Ботаникалық білім беру орталығы – қысқы бақ салынбақ. Бұл жоба жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыруға және бос уақытын тиімді өткізуге зор ықпал етеді.

Сондай-ақ, қала инфрақұрылымын дамыту мақсатында Президент саябағы мен "Астана" шағын ауданын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі Сырдария өзені үстінен салынбақ. Бұл шешім тұрғындардың қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, қаладағы ең тартымды серуендеу бағыттарының біріне айналады.

Алдағы уақытта Президент саябағы Қызылорданың ең көрікті, сәулеті жарасқан орындарының біріне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны болмақ. Жаңа жобалар жүзеге асқан сайын, аймақтың әлеуметтік және мәдени өміріне тың серпін берері сөзсіз.