Қазалыда инсульт және кардиология орталығының құрылысы қарқын алды

356

Ai-news.kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында аудандық көп бейінді орталық аурухана жанынан салынып жатқан 42 төсектік инсульт және кардиология орталығының құрылысымен танысты.

Аталған медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын жоба құрылысын «СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемесі жүргізіп жатыр. Құрылысты аяқтау мерзімі – 2025 жылдың соңы.

Нысанды аралау барысында халық қалаулысы сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыстың сапасына және мерзімінде аяқталуына ерекше мән берді.

«Ауылдық аймақтарда медициналық инфрақұрылымды дамыту – стратегиялық маңызды бағыт. Бұл орталық заманауи талаптарға сай салынып, халыққа жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуі тиіс. Сондықтан ең бастысы – құрылыс жұмыстары уақытында әрі сапалы орындалуы қажет», –деді Мархабат Жайымбетұлы.

Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазалы ауданы тұрғындары үшін өзекті мәселе болып келген МРТ қызметі қолжетімді болады. Сонымен қатар, инсульт және жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеу заманауи құрал-жабдықтармен жүзеге асады. Медициналық мамандардың кәсіби деңгейін арттыру жұмыстары да қатар жүргізіледі.

Бұл орталық – ауыл тұрғындарының сапалы әрі уақтылы медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.



Фото: Ернұр Кама