Шиеліде «Ауыл күндерінің» қорытынды кеші өтеді

337

Ai-news.kz.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, Шиелі ауданында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың белсенділігін ынталандыру және еңбек адамдарының қоғамдағы беделін көтеру мақсатында «Ауыл күндері» атты кең көлемді байқау ұйымдастырылған болатын.

Бұл бастама ауыл өмірін жандандыруға, тұрғындардың өз ауылына деген сүйіспеншілігін арттыруға, сондай-ақ ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті бекемдеуге бағытталған ерекше мәдени жобаға айналды. Аталған байқау аясында ауыл тұрғындарының белсенділігі артып, елді мекендердің ажарын кіргізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әрбір ауыл өз мүмкіндігінше тазалық пен тәртіпті сақтап, көркейтуге, қоғамдық нысандар мен әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартуға айрықша көңіл бөлді.

Байқау кезеңінде ауыл көшелерінде абаттандыру және көгалдандыру шаралары өткізілді. Қоғамдық ғимараттар мен мәдениет үйлерінің айналасы ретке келтіріліп, ауылдық жерлерде сенбіліктер мен экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, шығармашылық байқаулар мен мәдени концерттер өткізілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері мен кәсіптік бағдар беру кездесулері де жобаның маңызды бөлігіне айналды. Бұл іс-шаралар жастарды еңбекке баулып, өз кәсібіне деген қызығушылығын арттырды.

Байқау аясында өткізілген кездесулер мен шеберлік сабақтары ауыл тұрғындарына жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге, отбасылық бизнесті дамытуға мүмкіндік берді. Әсіресе, ауыл жастарының белсенді қатысуы олардың өз жеріне, өз қоғамына деген жауапкершілігін арттырды. Бұл бастама еңбек адамдарының еңбегін дәріптеп қана қоймай, жастардың бойында еңбекқорлық, отансүйгіштік және ұжымдық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға зор үлес қосты.

Сонымен бірге, «Ауыл күндері» байқауы ауыл арасындағы өзара ынтымақ пен бәсекелестікті арттырып, тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктірді. Әрбір ауыл өз жетістігін көрсетуге ұмтылып, мәдениет пен спорт, экономика мен тұрмыс саласында белсенділік танытты. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, ауыл азаматтарының бойындағы еңбек рухын көтерді.

Осы орайда, 3 қазан күні сағат 19:00-де М.Шоқай атындағы орталық алаңда «Ауыл күндерінің» салтанатты қорытынды кеші өтеді. Бұл кеш — ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегіне құрмет көрсету, сондай-ақ жыл бойы атқарылған жемісті еңбектің нәтижесін айқындау сәті болмақ. Шарада Шиелі кентінің талантты өнерпаздары, «Арман» мәдениет үйі мен «Нартай» өнер мектебінің ұжымдары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Концерттік бағдарламада халық әндері мен заманауи туындылар үйлесім тауып, ұлттық мәдениеттің бай мұрасы дәріптеледі. Ауылдың жас өнерпаздары мен еңбек ардагерлері бір сахнада тоғысып, еңбек пен өнердің өзара байланысын паш етпек. Сонымен қатар, кеш барысында байқаудың жеңімпаздары марапатталып, ерекше белсенділік танытқан ауылдық округтер мен тұрғындар аудан әкімінің алғыс хаттарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Бұл мереке — ауыл өмірінің сәнін арттырып, еңбек пен бірлікті ұлықтайтын, тұрғындардың рухын көтеретін маңызды мәдени оқиға болмақ. «Ауыл күндері» тек бір күндік шара емес, ол – елді мекендердің жаңа серпін алуына, ауыл өмірінің қайта жаңғыруына бағытталған жүйелі қозғалысқа айналды.

Келіңіздер, көріңіздер – кент өнерпаздарын бірге қолдап, ауыл өмірінің шаттығына ортақ болыңыздар!