«Руханият» орталықтарының құрылысы басталуда
Ai-news.kz. Биыл аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен, барлық аудандарда «Руханият» орталықтарының құрылысы басталуда.
Жуық арада Қазалы ауданынанда құны 1,7 миллиард теңге болатын аталмыш нысанның іргетасы қаланбақ. Орталықтың орны Әйтеке би кенті, Жанқожа батыр көшесі бойындағы аудан әкімдігі мен Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығы ғимаратының ортасынан белгіленді. Рухани кешен аяқталғаннан кейін музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени ұйымдар осы типтік үлгідегі орталыққа біріктіріліп, халыққа қызмет ететін болады.
Құрылыс саласында қарқын бар. Биыл Қазалы ауданында бірқатар нысандар ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», - деген болатын.
Міне, осы қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп ғимараты құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мектепті қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Мердігер «Асар» ЖШС.
Қазіргі уақытта 2-ші қабатының кірпіш қалау жұмыстары аяқталды. Екінші қабаттың ішкі сылақ, терезе орнату, жертөленің жылу жүйесі және кәріз желісі жұмыстары жүруде. Аталмыш жоба аясында биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталады.
2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 спорт кешені және 1 ауылдық клуб нысаны құрылысын бастауға 200,0 млн теңге бөлініп, мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталды.
Олар құны 628,7 миллион теңге болатын Әйтеке би кентінденгі «Жеңіс» саябағынан спорт кешені, 398,4 миллион теңге болып белгіленген Бекарыстан би ауылынан спорт кешені, Қожабақы ауылынан спорт кешені. Құны – 537,7 миллион теңге. Бұл қатарда 399,1 миллион теңгелік Майдакөл ауылынан 100 орындық клуб та бар.
Былтыр ауданымдағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 50 отбасыға баспана тапсырылған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғын жай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 75 тұрғын үйлер құрылысы басталды.
Бастапқы 21 тұрғын жай сатып алуға 266,973 миллион теңге бөлінді. Қосымша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 129 тұрғын жай сатып алуға бюджеттік өтінім тапсырылды.