Қазалыда "Ауыл аманаты" жобасы аясында тұрғындармен кең көлемді кездесу өтті
Ai-news.kz. Бүгін Қазалы ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан, "AMANAT" партиясы мен Үкіметтің бірлескен бастамасы – "Ауыл аманаты" жобасы аясында ауыл тұрғындарымен мазмұнды кездесу өтті.
Жиынға ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, мемлекеттік қолдау тетіктері және нормативтік-құқықтық негіздерді түсіндіру мақсатында арнайы құрылған Қызылорда облыстық ақпараттық жұмысшы тобының өкілдері, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев, "AMANAT" партиясы Қазалы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов, кент, қала, ауылдық округ әкімдері, салалық бөлім басшылары мен жобаға қызығушылық білдірген тұрғындар қатысты.
Кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев:
«Кездесудің басты мақсаты – ауыл тұрғындарына нақты табыс табуға мүмкіндік беретін "Ауыл аманаты" жобасының мәні мен мазмұнын терең түсіндіру. Ауылда кооперативтер құру – бұл ауыл экономикасын жаңғыртуға бағытталған жүйелі әрі ұзақ мерзімді құрал», – деді.
Жиын барысында ҚР Үкіметі жанындағы Өңірлік саясат бойынша жобалық кеңсенің Қызылорда облысы бойынша өңірлік менеджері Индира Ақжігітова сөз алып, жоба аясында кооперативтік бастамаларды іске асыру тетіктері, қаржыландыру көздері, мемлекеттік бағдарламалармен ықпалдасу жолдары туралы кең көлемде ақпарат берді.
Сонымен қатар жұмысшы топ мүшелері жобаның шарттары, тиімділігі, төмен пайыздық несиелерге қол жеткізу жолдары, қайтарымсыз гранттар мен инфрақұрылымдық қолдау түрлеріне тоқталып, жеке кәсіп ашу немесе кеңейтуге ынталы азаматтарға мол мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан жобаның іске асырылу барысы, құжаттарды рәсімдеу, бастапқы капиталдың қолжетімділігі, кооператив құрудың тиімді үлгілері сынды тақырыптарда сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Әкімдер мен сала басшылары ауылдың нақты жағдайына бейімделген ұсыныстарды ортаға салып, жобаны тиімді іске асыру бойынша пікір алмасты.





