Сырдарияда тегін дәрі дәрмек тұрғындарға үйлетірілуде
Ai-news.kz Бүгінде денсаулығына қатысты шағым айтатын жандар қоғам өмірінде баршылық.
Жекелеген диагноздарына қатысты ем-шара жүргізумен қатар науқастарға тегін медициналық кепілдік көлемі берілген шеңберінде тегін дәрі-дәрмек тағайындалатыны жасырын емес. Өз кезегінде Сырдария аудандық ауруханасының мамандарымен жолығып, аталған мәселеге қатысты жан-жақты пікірлескен едік.
Негізінен, мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі-дәрмек диспансерлік есепте тұратын науқасқа берілетіні анық. Өз кезегінде белгіленген санат бойынша дәрі-дәрмек берілетін науқастардың диагнозын нақтылап алуды жөн көрген болатынбыз. Созылмалы дерті бар жандар аймақтық дәрігердің нұсқауымен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қол жеткізе алады. Бұл ретте, аудандық емхананың «Жалпы тәжірибелік» бөлімінің меңгерушісі Ақтоты Жақсылықова тегін дәрі-дәрмектің берілу тәртібі мен дәрігерлік есепте тұратын азаматтардың диагнозына шолу жасап, толықтай мәлімет берді.
– Жалпы, жергілікті халық тегін дәрі-дәрмекті тұрақты түрде аймақтық дәрігерге тексерілу арқылы алып келеді. ҚРДСМ 05.08.2021 жылдың №75 бұйрығына сәйкес, аудандық емханада жекелеген нозология бойынша амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмек науқасқа беріледі. Бұл ретте, артериалдық гипертензия, жүректің ишемиялық аурулары, аритмия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, бронхиалды астма, созылмалы обструктивті бронхит, қант диабеті, ревматоидты артрит, глаукома, эпилепсия, эндокринді секілді ауруларға дәрі тағайындалып келеді. Сонымен қатар ерте жастағы баладағы рахиттің алдын алу үшін ДЗ тамшылары, антианемиялық дәрілер, негізгі көрсеткішіне қарай жасанды сүт қоспасын көпшілік ала алады. Өз кезегінде аудан көлемінде ағза алмастырған 3 науқасқа ай сайын жеткілікті деңгейде дәрі-дәрмек үйлестірілуге мүдделеміз. Тағы бір айта кететін жайт, асқазан, 12 елі ішек ойық жара сырқаты бар науқастар ауруының өршу кезеңіңде тегін дәріні тұтынып келеді. Ал соңғы 2 жыл көлемінде туу жасындағы әйелдерге жатыр мойны эндометриоз аурулары анықталған жағдайда біздің тарапымыздан арнайы көмек ұсынылады, – деді бөлім меңгерушісі.
Аудан көлемінде 21 дәрігерлік аймаққа қарасты 4000-ға жуық адам тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізуде. Бір ғана артериалды гипертензиямен дәрігерлік есепте тұратын 3552 науқастың 60-70 пайызға жуығы медициналық көмекке жүгінеді. Өз кезегінде жыл басынан дәрі-дәрмек алудың негізгі қағидатына сүйене отырып, тиісті жұмыстар атқарылған. Аудандық аурухананың дәріхана меңгерушісі, провизор Бақыт Шакирова осы бағытқа байланысты биыл қаралған қаражат көлемі мен жұмыс барысын таразылап айтып берді.
– Жыл басынан бері жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тегін дәрі-дәрмекті сатып алу жұмысы жүргізілді. Негізінен, ТМККК шеңберінде 2024 жылы 253 175 534,80 теңгеге, МӘМС ересектер санаты негізінде 2 425 997,88 теңгеге, МӘМС балалар санаты бойынша 10 303 713,24 теңгеге дәрі-дәрмек алу үшін біріңғай дистрибьютор СК Фармация ЖШС-не өтінім берілді. Дәрілік тауарлар кестеге сәйкес ай сайын жеткізіледі. Қаңтар айының дәрі-дәрмек қоры қоймада бар. Қажеттілікке сай дәрі-дәрмекті аудан тұрғындары аймақтық дәрігердің нұсқауымен уақытылы алуына болады, – деді дәріхана меңгерушісі.
Фото: canva.com
Тағы да оқыңыздар
