«СЫР СОТТАРЫ – ӘДІЛДІК АЙНАСЫ»
Ai-news.kz Қыстың алғашқы күні Алаштың бұрынғы астанасы, Сыр өңірінің бас қаласы Қызылордада облыстық соттың 85 жылдық мерейтойы қорытындыланды. Айтулы мереке ресми жиынмен ғана шектелмеді.
Мерейтой құрметіне ұйымдастырылған маңызды шаралар қалалық, аудандық соттарда жыл бойы жалғасын тауып, тек соттардың емес, жалпы жұртшылықтың рухын көтерді. «Жаңа Қазақстандағы сот жүйесін жетілдіру» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, судьялар арасында құқықтық турнир, БАҚ өкілдеріне арналған «Сот репортері» байқауы ұйымдастырылды. «Сыр соттары – әділдік айнасы» атты шығармашылық байқауда судьялар мен сот қызметкерлері бақ сынаса, өңірдегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері футбол мен волейболдан сайыс өткізді. Бұған қоса Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3-4 курс студенттері арасында «АДМПРОЦЕСС–2023» әкімшілік рәсімдік процестің үздік білгірлері» кәсіби шеберлік конкурсы өткізілді.
Мерейтойға осы аймақта еңбек еткен судьялар мен сот ардагерлерін түгел шақырған қызылордалық қазылар қауымы қарттарды қадірлеудің айрықша үлгісін көрсетті. Тіпті, 85 жылдық мереке зейнет жасындағы аға-апаларымыздың қуанышын еселей түсуге арналғандай сезім қалдырды. Нартай Бекежанов атындағы драма театрда болған салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық соттың төрағасы Әділхади Шығамбаев, Қазақстан Республикасы Судьялар одағы орталық аппаратының мүшесі В.Борисов, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы Сембек Баймаханов аймақ соттарының еліміздің сот жүйесінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап, соттың бүгінгі дәрежеге жету жолында бар күш-жігерін жұмсаған сот ардагерлері мен судьяларға түрлі марапаттар, яғни, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар, медальдар, төсбелгілер тапсырды. Атап айтар болсақ, сот жүйесінің құрметті ардагері, Қызылорда облыстық сотының отставкадағы судьясы А.Әнуарбеков «Құрметті судья» атағына ие болды. Сонымен қатар, оставкадағы судьялар М.Имандосов пен Ғ.Шыңғысова ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», Қызылорда облыстық сотының судьялары Б.Қалымбет І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», Ш.Маликова ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды. Ал, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Жеті жарғы» төсбелгісі отставкадағы судьялар Н.Бесбаева, Б.Қиязов, облыстық соттың судьялары С.Жуынтаева, К.Қаниева, Н.Өміртайұлының және Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы С.Жаппасбаевтың төсінде жарқырады. Бір сөзбен айтқанда сот саласының құрметті ардагерлері мен судьяларға марапат жауып, алғысқа бөленген жыл болды. Еңбек – ерді, ер – елді көгертеді «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, салтанатты жиында Әділхади Жұмабайұлы Қызылорда облыстық сотының бұрынғы төрағаларының еңбектеріне жеке-дара тоқталып, Қызылорданың ең көрікті жері – қала алаңында орналасқан бес қабатты зәулім ғимараттың облыстық сотқа берілуіне Мұхтар Есіркепұлының бірден-бір себепкер болғанын, бұл мақсатта төрағаның сол кездегі Үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың жеке қабылдауына кіргенін айтты. Сонымен қатар, Мұхтар Есжановтың судья кадрларды даярлау бағытында да еңбегі ұшан-теңіз болған, сол уақыттағы жас судьялардың қазіргі таңда өз міндетін абыроймен атқаруы қызылордалықтар үшін үлкен мақтаныш. Ал, респбуликада алғашқылардың бірі болып Шиелі аудандық сотының типтік үлгіде салынған ғимаратқа ие болуы Марат Сабырбаев облыстық соттың төрағасы қызметін атқарған кезеңде жүзеге асқан. Бұған қоса Марат Қалмұратұлы облыстық сот ғимаратының жөнделіп, жаңаруына мұрындық болып, қаржы мәселесін шеше білген. Әділхади Шығамбаев сахна төрінде Марат Сабырбаевты 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Облыстық сотты Марат Сабырбаевтан кейін басқарған Нұрлан Қайырбеков сот ғимаратын заман ағымына сай жөндеуге бөлінген қаржыны тиімді игеріп, өзінің бастамасымен Қармақшы, Қазалы, Арал аудандық соттарына облыстық бюджет есебінен типтік үлгідегі жаңа ғимараттар салуға қол жеткізген. «Еңбек – ерді, ер – елді көгертеді» деген осындайда көрінсе керек. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсер еді» деп армандаған екен. Сол арманның жалғасқаны бірлігі жарасқан облыс әкімдігі мен соттарының, бір кісідей атсалысқан халқының тірлігінен анық байқалады. Салтанатты шарадан облыс өнерпаздары да тыс қалмай, ән мен жырға, биге көмкеріп, Сыр елінің жыр-термешілері көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Шара барысында аға буынмен сұхбаттасып, әңгімесін тыңдаған жастардың жанарында от ойнады. Мерейтойды Сыр өңірі соттарының ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен үйлесімге басымдық бере отырып ұйымдастыруы болашақ үшін маңызды. Тарихтан тағылым Жоғарыда айтып өткеніміздей, 85 жылдық мерейтой аясында атқарылған шаралар саналуан. Олардың әрқайсысының қазіргі және келер ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Қазақ билері, олардың өнегелі істерін жалғастырушылар бүгінгі облыстық соттар тарихы, сондай-ақ, сот төрелігін әділ атқаруға бар ғұмырын арнаған сот ардагерлері мен қазіргі таңда қызметте жүрген судьялар, бұрын аймақ соттарында жұмыс істеп кеткен қазылар еңбегі қамтылған «Сыр өңірінің сот билігі» кітабының орны бөлек. Кітаптағы әрбір тақырыптың, мысалы, «Ежелгі дәуірдегі заңдар және сот үкімі», «Егемен Қазақстанның тәуелсіз сот билігі», «Тарихтан тағылым», «Олар мәңгі есте» деп аталатын тарауларының қай-қайсысы болсын қамтылған құнды мәліметке толы. Тағылымы мол жинақты құрастыруда Әділхади Шығамбаев бастаған редакция алқасы «Өткенге құрмет – бүгінге міндет» бағытын ұстанған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірігіп өткізілген «Жаңа Қазақстандағы сот жүйесін жетілдіру» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ресей халықтар достығы, Ташкент мемлекеттік заң, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттерінің профессор ғалымдары мен өзге де заңгерлер, судьялар қатысты. Тақырыбы айтып тұрғандай, конференцияда қазақстандық сотты оданәрі дамытудың түйінді мәселелері қозғалып, оларды оңтайландыру жайлы ой-пікірлер, жүзеге асырылып жатқан реформалар ортаға салынды. Мамандар марапатталды «Ерліктің еленгені, еңбектің ақталғаны жақсы» демей ме халқымыз. Қазақстандық сот жүйесінің өсіп-өркендеуінде қатардағы қызметкерлердің де еңбегі өлшеусіз. Білім-білігі, өмірлік тәжірибесі мол ардагерлердің тәлім-тәрбиесін өнеге тұтып, облыстық сот беделінің асқақтауына атсалысып жүрген мамандар 85 жылдық мерейтойда ескерусіз қалмады. Оларды облыстық сот ғимаратында өткен арнайы жиында ҚР Сот әкімшілігінің Қызылорда бойынша департаментінің басшысы Сағатбек Сүлеймен марапаттады. Сот облысы әкімшілігінің Қызылорда облыстық департаменті басшысының орынбасары М.Асанова, Жаңақорған аудандық соты әкімшісінің басшысы Б.Нәлібаева, Арал аудандық соты әкімшісінің басшысы З.Сермағамбетова, Қызылорда қалалық №2 соты әкімшісінің басшысы М.Жүсіпбекова, департаменттің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы М.Жаңабергенова, Қызылорда облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің бас маманы-сот отырысының хатшысы А.Жұмағамбетова, Арал аудандық соты әкімшісінің бас маманы Қ.Өтепбергенов, Арал аудандық соты әкімшісінің бас маманы-сот отырысының хатшысы Б.Икина, Жалағаш аудандық соты әкімшісінің бас маманы Г.Байкенжеева ҚР Судьялар одағының «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» төсбелгісін алды. Аталған департаменттің ұйымдастыру-талдау бөлімінің басшысы Г.Сұлтановаға, осы бөлімнің бас маманы С.Сейілге, Сырдария аудандық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы Г.Пірімбетке «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісі тағылды. ІІІ дәрежелі «Мінсіз қыз - меті үшін» медаліне Арал аудандық соты әкімшісінің ардагері Ш.Абилова, Қызылорда қалалық сот әкімшісінің басшысы Н.Дүйсенова, Қазалы аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы К.Уразалиева ие болды. Облыс, қала, аудандық соттардың бірқатар мамандарына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырылды. Облыс соттарының арасында өткізілген «Үздік сот кеңсесі» байқауында жеңіп шыққан Сырдария аудандық сотының әкімшісі Нұрхан Әбдікәрім арнайы марапатқа ие болды.
Кәсіби қарым-қабілет сынға түсті Облыстық соттың 85 жылдығында өңір судьялары мен сот мамандары да бір серпіліп, өздерінің білім-біліктері мен қарым-қабілеттерін кәсіби тұрғыда сынға салды. Облыс соттары құқықтық турнирде, ал, судьялар мен сот қызметкерлері «Сыр соттары – әділдік айнасы» атты шығармашылық байқауда жарысқа түсті. Судьялардың креативті ойлауын дамыту мақсатында ұйымдастырылған турнирге Қызылорда қалалық, Байқоңыр қалалық, Қазалы, Сырдария аудандық соттарынан құралған «Самұрық», №2 қалалық, мамандандырылған қылмыстық, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттар, Тергеу және Арал, Қармақшы соттарынан тұратын «Аралас-Court», мамандандырылған әкімшілік, экономикалық, әкімшілік құқық бұзушылық, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандық соттарының атынан «Қыран» командалары қатысты. Сәлемдесу, сергіту, әділдік пен заңдылықты ұштастыру кезеңдері бойынша сайысқан командалардың өздерін таныстырып, соттардың жетістіктері мен жаңашылдықтарын ән-күймен әсерлі жеткізуі шынайы шықты. Викторина түрінде өткен сергіту кезеңінде әрбір команда қойған екі сұраққа келесілерінің жылдам жауап беруі, судьялардың ізденімпаздығын байқатты. Әділдік пен заңдылықты ұштастыруда командалар билердің дау шешудегі тапқырлығы мен заңдарды қолданудағы шеберлігін, шешендігін нағыз театр әртістеріндей бейнелеуі көрермендер көңілін көтеріп тастады. Жалпы есеп бойынша қарсыластарын басып озған «Қыран» командасы жеңімпаз атанды. Бұған қоса арнайы номинациялар тағайындалды. Арал аудандық сотының төрағасы Камшат Садуақасова көпшіліктің көңілінен шығып, «Көрермен көзайымына» айналса, «Өнерлінің өрісі кең» номинациясы Шиелі аудандық сотының судьясы Айдос Жолдыбаевқа бұйырды. «Самұрық» командасы «Үздік викториналық сұрақ», «Қыран» тобы «Үлкенге құрмет» номинацияларын иеленді. «Сыр соттары – әділдік айнасы»байқауы судьялар мен мамандардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналды. Байқауда сайысқан «Тұмарымыз – Заңымыз» (Қызылорда қалалық және №2 қалалық сот), «Төрелік» (Байқоңыр қалалық, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандық соттары), «Ақиқат» (Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық соттары), «Фемида» Қызылорда облысы бойынша мамандандырылған соттары) командалары бір-біріне есе жібермеуге тырысты. Дегенмен, жарыстың аты жарыс, додада мықтылардың жеңіп шығуы шарт. Командалар таныстыру кезеңін өлең-жырмен, әнмен айшықтады. Екінші кезеңде істерді қарау, дауды медиация тәртібімен реттеу, отбасы құндылықтарын сақтау тақырыптарын қозғайтын сахналық қойылымдар тамашаланды. Байқауға көрермендерді де белсенді қатыстыруға басымдық берілді. Осы ретте Қызылорда облыстық сотының тарихына қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген көрермендерге сыйлықтар табысталды. Байқау қорытындысына сай «Ақиқат» командасы жеңіске жетті. Әр шараның тәрбиелік мәні зор Қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға жалпы қазақстандық судьялар атсалысуда. Олардың қатарында қызылордалық судьялар да бар. Мерейтойға ғана байланысты емес, бұл өңірде соттардың қатысуымен спорттық шаралар тұрақты түрде өтеді. Іс-шаралар күнтізбесіне спорттық сайыстар да еніп, сәуір айында судьялар мен сот қызметкерлері арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада, қараша айында аумақтағы мемлекеттік органдар арасында шағын футбол мен волейболдан турнир өткізілді. Тағы бір атап айтарлық тың шара студенттер арасында өткізілген құқықтық сайыс болды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3-4 курс студенттерінің арасында «АДМПРОЦЕСС–2023» әкімшілік рәсімдік процестің үздік білгірлері» атты облыстық кәсіби шеберлік конкурсын Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының және Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бірігіп ұйымдастырды. Бұл шара құқықтану білім беру бағдарламалары бойынша студенттерді даярлауда болашақ заңгерлердің мамандыққа қызығушылығын арттыру және дарынды жастарды анықтап, қолдауымен маңызды. Сот процесін жүргізудің теориялық білімі мен практикалық дағдыларын, икемдерін байқау студенттердің қызығушылығын оятты. Төрт команда қатысқан сайыс төрт кезеңнен тұрды. Студенттердің Әкімшілік-рәсімдік процестік саланы білу деңгейі анықталып, сайысушылар ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар жүлделі орындарға ие болып, сәйкесінше қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Белсенді қатысқан топтарды шебер дайындағаны үшін топ жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды. 85 жылдық шара шеңберінде БАҚ өкілдері де назардан тыс қалмады. Себебі, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының көздеген мақсаты бір, яғни, еліміздің өсіп-өркендеуіне, дамыған мемлекеттермен тең тұруға үлес қосу. Мерейтой құрметіне орай «Сот репортері» байқауы жарияланып, қорытындыланды. Жеңімпаздарды облыстық соттың ғимаратында ҚР Судьялар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы М.Еркінбеков пен облыстық соттың судьясы Ш.Маликова марапаттады. «Сот репортері» байқауының бас жүлдесін жүзден жүйрік шыққан Әсел Нұрлыбаева, «Үздік мақала» аталымын Ержан Қожасов, «Үздік идея» аталымын Айнагүл Манабаева иеленді. Сонымен қатар, судьялар мен сот мамандары арасында «Үздік сот кеңсесі», «Үздік сот акісі», «Үздік сот қаулысы», «Үздік сот үкімі» және «Үздік сот шешімі» сайыстары да ұйымдастырылды. Сайыста «Үздік сот қаулысы» номинациясын Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Сауле Бакуова, «Үздік сот үкімі» номинациясын Жаңақорған аудандық сотының судьясы Эльдар Рысқұлов, «Үздік сот шешімі» номинациясын азаматтық істер бойынша Қызылорда қалалық сотының судьясы Әсел Карбозова, әкімшілік істер бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Зәуре Жарылқасынова иеленді. Облыстық сот ұжымы сот төрелігін іске асырып қана қоймай, қайырымдылық шараларына да белсенділік танытып келеді. Мерейлі мереке қарсаңында сот ұжымы «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына арнайы барып, тәрбиеленушілерге сыйлықтар үлестіріп, балаларға қуаныш сыйлады Салтанатты шарадан соң төрағаның өзі бастап қонақтарды күрделі жөндеуден өткізілген сот ғимаратымен таныстырды. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Қызылорда облыстық сотының мерейлі тойы нақты жоспармен, жинақы әрі әсерлі өтуімен есте қалары анық. Бұл ретте, облыстық соттың төрағасы Әділхади Шығамбаев бастаған, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Бекжанов, Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Сағатбек Сүлеймен, облыстық соттың судьясы Шолпан Маликова, Арал аудандық сотының төрағасы Камшат Сәдуақасова қостаған судьялар қауымына аға ұрпақтың айтар алғысы шексіз.
Түймегүл ИБАШЕВА,