“НеМолчиKZ” қорының басшысына алаяқтық үшін іздеу жарияланды
Ai-news.kz Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері Динара Смайыловаға, яғни Дина Тансариге қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр. Оның ішінде екі іс алаяқтық бойынша, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ хабарлауынша, Смайылова жалған ақпарат таратумен қатар 2021 жылдан бастап, өзі Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола тұра, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қаражат жинайтындығы туралы жариялаған.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық бойынша қылмыстық іс аясында ағымдағы жылдың сәуір айында Смайылова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы жалған мәлімет жариялағаны анықталды. Содан кейін ол қаза болған адамның отбасына көңіл айтып, бұл жағдайды жоққа шығарған полицияға сенбей, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болғандығын және қыздың ауруханада жатқандығын мәлімдеген.
Алайда бұл жарияланымдардың барлығы жалған болып шықты, өйткені іс жүзінде суицид болған жоқ. Аталмыш кәмелетке толмаған қыз зардап шеккен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Алаяқтық бойынша тағы бір қылмыстық істі Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбанына көмек көрсету үшін ақша жинау фактісі бойынша қозғады.





