Қызылордада өтетін Қазақстан кубогының финалына дайындық күшейтілді
Ai-news.kz. Қызылордада футболдан Қазақстан Кубогының финалдық ойынын өткізуге және 11 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанатына дайындық пысықталды. Осы мақсатта облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға облыстық басқарма мен жауапты мекемелердің жетекшілері, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр қатысты.
Мәжіліс барысында аймақ басшысы алдағы маңызды спорттық шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Әкім атап өткендей, жаңа стадионның ашылуы – Қызылорда өңірі үшін ерекше оқиға. Бұл тек спорт инфрақұрылымының дамуы ғана емес, сонымен қатар өңірдің имиджін қалыптастыратын ірі мәдени әрі спорттық шара болмақ.
«Жаңа стадионның ашылу салтанаты кезінде электр энергиясын үздіксіз әрі тұрақты беру аса маңызды. Төтенше жағдай орын алған жағдайда, жедел әрекет ету тетіктері алдын ала пысықталуы тиіс. Сондықтан барлық желілер толық тексеріліп, резервтік қуат көздері дайын болуы қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы жедел жәрдем қызметінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Полиция мен патрульдік қызметтің күшейтілген режімде жұмыс істеуі, көлік қозғалысын реттеу және жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынбақ.
Сонымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне стадион аумағын мұқият зерделеп, өрт қауіпсіздігі мен алғашқы көмек көрсету дайындығын тексеру жүктелді. «Өрт сөндіру техникалары әрдайым сақадай сай тұруы тиіс», – деді әкім.
Жиында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нүктелерінің санитарлық жағдайы қатаң бақылауға алынбақ.
Айта кетейік, жаңа стадион халықаралық стандарттарға сай салынған және УЕФА талаптарына толық сәйкес келеді. Заманауи инфрақұрылым, жарық және дыбыс жүйелері, медиа аймақтар мен жанкүйерлерге арналған ыңғайлы аймақтар толықтай дайындалған.
Финалдық ойын күні Қызылордада мыңдаған жанкүйер жиналуы күтіледі. Облыс басшылығының айтуынша, мұндай ауқымды іс-шаралар өңірдің спорт саласындағы жаңа серпініне және қала тұрғындарының белсенді демалысына мүмкіндік береді.





