«Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы»
Ai-news.kz. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді.
Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Тәрбиелі қыз өсіру – елінің салиқалы ұрпағын тәрбиелеу. Біздің ұлтымыздың санасының қалыптасуына, тәрбиелі болуына, саналы ұрпақ болуына осы қыздардың үлесі зор.
Осы орайда №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде 8-11 сыныптың қыз балаларымен «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Друмова, Сырдария аудандық ауруханасының ЖДО мейірбикесі Д.Тұрлығұлова, ЖДО психологы Н.Тажибаева, Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығының психологы А.Маханбетова,Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығының мейірбикесі Ф.Төлеубай, мектеп медбикесі М.Бекжүніс және мектепішілік «Сырғалым» қыздар үйірмесінің жетекшісі М.Калимбетова қатысты.
Бұл кездесудің басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірім қыздардың тәрбиесіне , жеке бас гигиенасына мән беру, ерте жүктіліктің алдын алу, қыздар қауымымен сырласа отырып, өздерін мазалап жүрген сұрақтары болса, соған жауап табу, еркін өз ойларын ашып айтуға баулу. Сонымен қатар, қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру, қазақ халқының қыз тәрбиелеу салт-дәстүріне байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу, ұлтжанды, қамқор болуға, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу және де отансүйгіштік сезімдерге баулу.
«Әйел - бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» дегені қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым еске салып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де инабатты қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай.