Мектептен университетке дейін: Абай тағылымы жас ұрпақпен бірге
Ai-news.kz. Абай мектебінен Абай университетіне дейін...
Биыл ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы еліміздің түпкір-түпкірінде кең көлемде аталып өтуде. Өңірімізде де осы айтулы жыл аясында мазмұнды шаралар ұйымдастырылып, Абай мұрасын дәріптеу ісіне ерекше мән берілуде.
Шаһардағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп те мәртебелі мерейтойды толағай жетістіктермен қарсы алды. Білім ордасы бұған дейін республика көлемінде «Ең үздік 100 мектеп», «Ең үздік инновациялық мектеп», «Білім – алтын қазынасы», «Үздік білім ордасы», «Білім бәйтерегі» сияқты мәртебелі номинацияларды иеленіп, 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Рухани мұра мектебі» атағын алып, 17 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болған еді. Бұл – ұжым еңбегінің елеулі нәтижесі.
2013 жылы мектеп алдына қойылған Абайдың еңселі ескерткіші бүгінде тағзым ететін қасиетті орынға айналған. Ұлы ақынның өміршең өлеңдері мен тағылымға толы қара сөздері жас ұрпаққа мол рухани азық беруде.
– Білім ордасы маған тек сапалы білім ғана емес, сонымен бірге ұлы ақынның өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік қағидаларын бойыма сіңірді. «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті әрқашан алға жетеледі. Абайдың сұңғыла сөздері жүрегімде сақталып, әр қадамымда бағыт-бағдар берді. Абай мектебі – менің алтын ұям. Осы тәлім-тәрбие арқылы мемлекетіміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мектеп қабырғасында жүріп облыстық пән олимпиадаларынан жүлделі орындарға ие болдым, ғылыми жоба қорғап, республикалық байқауларға қатыстым. Абайдың 150 өлеңін жаттап айттым. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 121 балл жинап, Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің мемлекеттік грантын иелендім. Осылайша Абай мектебі Абай атындағы жоғары оқу орнына жол ашты, – дейді мектептің үздік түлегі Ақерке Бұғыбай.
Биыл аталған мектепті 271 түлек тәмамдап, олардың 170-і мемлекеттік грант иегері атанды.





