Мектептер құрылысы басты назарда болуы тиіс
Ai-news.kz. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім саласының өзекті мәселелері талқыланған мәжілісте биыл салынатын мектептердің сапасы, құрылыстың уақытылы аяқталуы жіті назарда болуы керектігін ескертті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Биыл өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 10 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» және жергілікті бюджеттің қаржысына 3 мектеп салынуда. Оның 7-еуін жаңа оқу жылында, 6 білім ошағын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Одан бөлек, 4 мектеп жанынан қосымша құрылыс салынуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының, Үкіметтің тікелей бақылауында. Құрылыс сапасын күнделікті қадағалап, мерзімінде аяқталуын басты назарда ұстау қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мұнан бөлек, мамыр айынан бастап облыстағы 7 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтеді. Облыстық бақылау жөніндегі басқармасына жұмыс сапасын, мерзімінде аяқталуын қатаң қадағалау тапсырылды.
Сондай-ақ, жиында кейбір аудандардағы кешкі мектептердің жабылуына орай қысқартылатын педагогтардың жұмыспен қамтылуы, мектептердегі штаттық бірліктердің тиімділігі талқыланды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте аймақтағы білім саласының өзекті мәселелері, оның ішінде жекеменшік балабақшаларды заңдастыру барысы талқыланды.
Аймақ басшысы жекеменшік бөбекжайларының басым көпшілігінің нысаналы мақсаты кәсіпкерлік болып өзгертілгенін атап өтті.
«Аймағымызда қазіргі таңда 460 жекеменшік балабақша жұмыс жасайды. Оның 416-ның немесе 90,4%-ның нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке өзгертілген. Қалған 44 балабақшаны рәсімдеу жұмыстары заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, нысаналы мақсаты өзгертілмеген балабақшалар Қызылорда қаласында, Жаңақорған мен Жалағаш аудандарында. Сондықтан жауапты тұлғаларға мәселені бақылауға алу тапсырылды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте аймақтағы мектеп ғимараттарын тиімді пайдалану және күтіп ұстау жайы талқыланды.
«Бүгінде облыс бойынша 276 мектепте профицит бар, яғни, кейбір елді мекендерде орналасқан мектеп ғимараттарын өзге де әлеуметтік мақсаттарға пайдалануға болады деген сөз. Қала және аудан әкімдері облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, жаңадан салынатын әлеуметтік нысандар, атап айтқанда спорт кешендері мен ауылдық клуб құрылыстарына қатысты алдын-ала зерделеу жүргізіңіздер. Оларды салуға қомақты қаржы бөлгеннен, бос тұрған мектеп ғимараттарын тиімді пайдалану тетіктерін қарастыру қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Тағы бір мәселе, мекеме басшылары ғимараттарды күтіп ұстауы, әр мүлкіне ұқыпты қарауы тиіс. Қасбетінен бастап, ауласының тазалығын қамтамасыз ету – басшылардың тікелей міндеті. Сыр өңірі алғашқылардың бірі болып ел Президентінің «Таза Қазақстан» акциясын қолдағаны белгілі. Науқан аясындағы көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстары мамыр айына дейін жалғасады. Сондықтан, білім беру ұйымдары аумағында тазалық жұмыстарының тұрақты жүргізілуін бақылауға алу тапсырылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте білім саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы қала, аудан әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар жұмысын сынға алды.
«2024 жылдың 3 айының қорытындысына қарағанда, облыста кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға төмендеген. Дегенмен, жекелей алғанда кейбір қылмыс түрлерінің саны артқан. Қала, аудан әкімдіктері жанында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар бар. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, топтық төбелестердің алдын алуға тікелей жауапты болғанымен, жұмысы нәтижесіз. Ешқандай зерделеу, талдау жоқ. Комиссия мүшелері адрестік-профилактикалық жұмыс жүргізбейді. Тек, мұғалімдер мен инспекторлардың зерттеулеріне сүйеніп, шешім қабылдайды. Мұны бала тағдырына бей-жай қарау деп есептеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты шұғыл түрде бір жүйеге келтіру міндетін жүктеді. Алдағы уақытта комиссия қызметі бағаланғанда, профилактикалық шаралармен қатар, нақты адрестік жұмыстар, нәтижелі индикаторлар есепке алынады. Облыстық білім басқармасы комиссиялардың есебін тоқсан сайын баяндап, соған сәйкес шешім қабылданбақ.