Жаңа оқу жылы Қазалы ауданы мектептерінде мерекелік көңіл-күймен басталды

487

Ai-news.kz.  Білім күніне орай аудан мектептерінде «Мектебім мейірім мекені» тақырыбында мерекелік шаралар өтті

Бүгін 1 қыркүйек – барша қазақстандықтар үшін ерекше мәнге ие күн. Бұл күнді әрбір оқушы, әрбір ата-ана, әрбір ұстаз үлкен толқыныспен, қуанышпен қарсы алады. Себебі дәл осы күні жаңа оқу жылы басталып, білім ордаларының есігі жас талапкерлерге айқара ашылады. Кеше ғана жазғы демалыс қызығын көрген оқушылар алтын ұя мектептеріне қайта оралып, жаңа белестерге қадам жасайды. Ал тарыдай болып келген бүлдіршіндер алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірдің алғашқы асуына аяқ басады. Олардың жүздеріндегі шаттық пен жүректеріндегі толқу – кез келген адамды бей-жай қалдырмайтын ерекше сезім.

Бүгін Қазалы ауданының барлық білім ошақтарында осыған орай салтанатты жиындар ұйымдастырылды. «Мектебім мейірім мекені» тақырыбында өткен мерекелік шараларға бірінші сынып оқушылары мен олардың ата-аналары, ұстаздар қауымы және қонақтар қатысты. Әсіресе ата-аналар үшін бұл күннің орны бөлек. Өйткені баласының мектеп табалдырығын аттауы – әр отбасының өміріндегі үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік.

Мерекелік шаралардың бірі Әйтеке би кентіндегі Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектепте өтті. Айта кетейік, бұл білім ошағы биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген болатын. Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рақметов, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов арнайы қатысып, барша ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Салтанатты жиында сөз алған Жалғас Оңғарұлы ұстаздарға деген құрметін білдіріп, аудан көлемінде білім саласына жасалып жатқан қолдау мен жетістіктерге тоқталды.

— Қазалы өңірі – Сыр бойында тұңғыш мектеп ашылған қасиетті өлке. Бұл біздің аймақтағы білім беру ісінің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда ауданда 38 білім ошағы жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, 2500-ден астам педагог жас ұрпақты тәрбиелеу жолында табанды еңбек етіп келеді. Биылдың өзінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, ауданымыздағы бірқатар мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Ж.Жабаев атындағы №234 мектеп күрделі жөндеуден өтті, сондай-ақ №70, 266, 249, 98, 165, 88, 216, 95 сынды сегіз мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына толық дайындалды. Алдағы уақытта 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі бой көтеретін болады, – деді ол.

Жиында аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рақметов, мектептің ата-аналар комитетінің атынан сөз алған Бақытгүл Төлебаева және жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме өкілі де құттықтауларын жеткізді. Олардың сөздерінен балаларға деген тілек пен ұстаздарға деген алғыс айқын сезілді.

Айта кету керек, Қазалы ауданы бойынша өткен оқу жылында 944 түлек мектеп бітірсе, оның 859-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 543 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл – ауданның білім беру саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі. Ал жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа шамамен 1500 бала қабылданбақ.

Осылайша Білім күні аудан көлемінде кеңінен аталып өтті. Жаңа оқу жылы барша оқушыларға табыс, ұстаздарға жаңа жетістіктер әкелсін деген ізгі тілектер айтылды.