Ауыл аманаты жобасы аясында шағын несие беру жұмыстары жүйелі жалғасуда
Ai-news.kz. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» бағыты аясында ауыл тұрғындарын қолдауға қомақты қаржы қарастырылды. Бұл қаржы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл экономикасын әртараптандыруға бағытталды.
Жобаны іске асыру облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арқылы жүзеге асырылып, микрокредиттер беру бойынша сенім білдірілген өкіл ретінде «Байқоныр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы айқындалды. Қаржыландыру тетігі ашық әрі қолжетімді форматта ұйымдастырылып, несие алуға ниетті азаматтар құжаттарын арнайы интернет-платформа арқылы тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл тәсіл өтінім қабылдау үдерісінің айқындылығын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.
Жоба аясында аудан бойынша жалпы сомасы 273,1 млн теңгеге 18 жоба бойынша өтінім ұсынылды. Ұсынылған жобалар ауыл шаруашылығының және шағын бизнестің әртүрлі бағыттарын қамтып, өңірдің нақты әлеуметтік-экономикалық сұранысына сәйкес қалыптастырылды. Атап айтқанда, мал шаруашылығы бағыты бойынша 59,0 млн теңгеге 2 жоба, балық шаруашылығы саласында 38,7 млн теңгеге 2 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша 9,2 млн теңгеге 1 жоба ұсынылды. Сонымен қатар арнайы техника сатып алуға бағытталған 47,4 млн теңгелік 3 жоба, өңдеу саласындағы 62,0 млн теңгелік 6 жоба және өзге бизнес бағыттары бойынша 56,8 млн теңгеге 4 жоба қамтылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие комитетінің шешімімен жалпы сомасы 145,6 млн теңгеге 13 жоба мақұлданды. Өңдеу саласы бойынша Бесарық ауылдық округінен ЖК «Балауса» мен ЖК «Гүлнар», Шіркейлі ауылдық округінен ЖК «Ансар», Тереңөзек кентінен «Шың» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қаржылай қолдау алды. Бұл жобалар жергілікті жерде өнім өндіруді арттыруға және қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Балық шаруашылығы бағыты бойынша Іңкәрдария ауылдық округінен бір жобаға, ал құс шаруашылығы саласында Бесарық ауылдық округінен бір кәсіпкерге несие берілді. Мал шаруашылығы бағытында Ақжарма және А.Тоқмағанбетов ауылдық округтеріндегі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері қаржыландырылып, өндірістік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ өзге бизнес бағыттары бойынша Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылдық округінен бірнеше кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетілді. Бұл жобалар қызмет көрсету, шағын өндіріс және сауда салаларын дамытуға бағытталып, ауыл тұрғындарының табыс көзін арттыруға ықпал етуде.
Қайтарылған қаражаттар есебінен Бесарық ауылдық округінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жоңышқа егу мақсатында несие берілді. Кооператив қажетті техника мен тұқым сатып алып, егіс жұмыстарын толық көлемде жүргізіп келеді. Бұл бастама мал азығы қорын нығайтуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар аудан орталығына жақын елді мекенде шағын өндірістік аймақ құрылып, онда бірқатар кәсіпорындар орналасқан. Бұл өндіріс орындарының бір бөлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы, қалғаны өз қаражаттары есебінен іске қосылды. Аталған жобалар ауылдық аумақта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы жандандыруға оң әсерін тигізуде.





