Агроэкономика мен аграрлық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды

607

Ai-news.kz.  Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі — агроэкономика мен аграрлық ғылымды дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департамент басшылары, ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, шаруашылық құрылымдарының өкілдері және онлайн форматта Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.

Жиын барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындаудың маңыздылығын атап өтіп, сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

«Президентіміз өз Жолдауында: “Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес” деп атап көрсетті. Осы мақсатта ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған бес негізгі міндет айқындалды. Біріншісі – жаңа тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізу, соның ішінде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолдану. Екіншісі – өнімділікті арттыру және қайта өңдеу көлемін ұлғайту. Үшіншісі – технологиялық жаңғырту. Төртіншісі – ғылым мен зерттеу жұмыстарын дамыту. Ал бесіншісі – қаржылай қолдауды күшейту», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы аграрлық саланы цифрландырудың ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. «Агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту үшін ғылымды өндіріс қажеттілігімен ұштастыру қажет. Бұл бағытта ғылыми жобаларды қолдап, оларды іске асыруға басымдық беру керек. Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты мен өңірлік оқу орындары арасындағы өзара байланыс нығайтылуы тиіс. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау жүйесін жетілдіріп, оқу бітірген түлектерді нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету қажет», – деді облыс әкімі.

Жиында аймақтың агроэкономикалық ахуалына кеңінен тоқталынды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан жүйелі қолдаудың арқасында соңғы жылдары облыстың ауыл шаруашылығы саласында оң серпін байқалуда. Өткен 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 66 млрд 900 млн теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға жоғарылаған. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 16 пайызға артты. Бұл — агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс тиімділігінің артып келе жатқанын айғақтайды.

Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев баяндама жасап, күріш егіс көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында суды аз қажет ететін дақылдарды жерсіндіру бағытындағы жұмыстар жайында баяндады. Ол сондай-ақ, су тапшылығына бейімделген заманауи агротехнологияларды енгізу және фермерлерге ғылыми негізделген ұсыныстар беру бойынша нақты жоспарлар әзірленіп жатқанын айтты.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев аграрлық ғылымды дамытудың ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудегі рөліне тоқталды. Ол агроөнеркәсіп кешенін ғылыми тұрғыда сүйемелдеу арқылы өнім сапасын арттыру, еңбек өнімділігін көбейту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын ұсынды.

«Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов өз сөзінде өндіріс процесіне цифрлық технологияларды енгізудің тиімділігін мысалмен көрсетті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы автоматтандыру мен смарт-бақылау жүйелері шығындарды азайтып, өнімділікті арттыруға зор мүмкіндік береді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова жоғары оқу орындарының ауыл шаруашылығы саласына білікті кадр даярлаудағы маңызына тоқталды. Университет базасында жас ғалымдарға арналған зертханалық жұмыстар мен тәжірибелік орталықтар ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Ал сала ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов су тапшылығы жағдайында өнім көлемін төмендетпей сақтап қалудың тиімді жолдарын атап өтіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол климаттың өзгеруіне бейімделген жаңа технологияларды енгізудің және шаруаларға тәжірибелік көмек көрсетудің маңыздылығын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев берілген барлық тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті. «Президентіміздің сенімін ақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Аграрлық ғылым мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқару – уақыт талабы. Әрбір бастама нақты нәтиже беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы қажет», – деді аймақ басшысы.

Бұл жиын өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми және өндірістік әлеуетті арттыру, экономиканы әртараптандыру мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды кезең болды.