«Болмысының өзі бөлек болатын»: Жанарбек Әшімжановтың Көпен Әмірбек жайлы естелігі

3

Ai-news.kz    Бүгін белгілі жазушы-сатирик, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбектің өмірден өткеніне тура бір жыл болды. Көзі тірі болса 73 жасқа толар еді. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Көпен Әмірбек жайлы өз естелігімен бөлісті.


«Туған ай – тураған ет» дейді. Көпен Әмірбек дейтін бірегей тұлғаны қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі деп айтсақ, артық емес. Сол кісінің де дүниеден өткеніне бір жылдың жүзі болыпты. Жыл бойы әртүрлі форматта: шығармашылық кештерде, қоғамдық орындардағы кездесу-жиындарда, әлеуметтік ортада болсын, Көпен ағаның орны ошақтай болып, көрініп тұрды. Жоқтығы білінді.

 Көпен ағаны студент кездерден бастап-ақ таныдық. Кейін келе жанына серік болып, ізінен ерген інілерінің бірі ретінде қасында жүрдік. Ол кісі – қай саланың өкілі болса да, тіпті бизнес саласында жүрген жігіттерге де жақсы аға бола білген азамат. Сол көп інілердің қатарында өмірдің әртүрлі бұралаң, күнгей-теріскейінде де қасында бірге жүрген іні болдық.

Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров салып кеткен сатира саласында, ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы әдебиеттің құлдырау кезеңінде, одан кейінгі әдеби рухани кеңістіктің солғын тарта бастаған кезінде де осы сатира саласында өте бір жемісті еңбек етті. Тек сатирада ғана емес, аударма, эссе, басқа да жанрларда өте сапалы қызмет еткен, халыққа жақсы шығармалар ұсынған Тұлға.

Көпен аға 60 жасқа толған кезде классик ақын Қадыр Мырза Әл «Алпысқа келген акула» деп керемет эссе жазған. Ол кісінің шығармашылық келбетін, қайраткерлік қырын, адами болмысын, інілік ізетін кереметтей суреттеп жазды. «Акуланың түрі көп. Соның бір түрі уылдырықтан өспей, бірден акула боп туады. Өзі өте ірі, өте салмақты тұқым болса керек. Сондықтан да болуы керек, өмірге келе сала жүзіп, жүзіп жүріп өлетін көрінеді. Жүзбесе, судың түбіне кетеді. Өйткені ауыр. Жүзіп жүргенде білінбейді. Сәл тоқтаса – қауіп, өлім... Мен Көпен бауырымды көптен білем. Оның бір асықпай жүргенін, жұмыссыз жүргенін, алаңсыз, тыныш отырғанын көргенім жоқ. Үнемі шаруа үстінде, үнемі іздену үстінде. Әйтпесе, әлгі акула секілді құрдымға кететін түрі бар. Жақсы қасиет, жақсы қылық! Жасыратыны жоқ, мен өзім де осындай адаммын. Демек, Көпенді жақсы көруім, табиғи туысым деп есептеуім заңды құбылыс...» дейді Қадыр аға. Расында, айна қатесіз, Көпен аға да бір тынбайтын адам еді. Әдебиетке қалай келді, солай акула сияқты өмірінің соңына дейін тынымсыз өмір теңізінде жүзді де жүрді.

Әдеби ортада ошақтай орны қалды. 9 сыныпта оқып жүріп Алматыға Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиевті қалай іздеп келгені, вокзал бекетіне екі-үш күн қонып жүріп белгілі тұлғалармен қарым-қатынас орнатып кеткенінің өзі қызық сәттерге толы. Кейін оқуға түсіп, оқып жүріп әскерге барып келіп, Қиыр Шығыста әскери борышын өтей жүріп, ұдайы редакцияға хабарласып, шығармаларын жіберіп отырғаны туралы ғажайып естеліктері елес болып қалды. «Балдырған», «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналдары мен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті сияқты балалар басылымдарына жиі жазып отырған.

 Көпен аға тынымсыз еңбек етті. Сатиралық еңбектер жаза жүріп «Көпен келе жатыр» деген әзіл-сықақ театрын құрды.

Оның сыртында «Заман-ай» дейтін жыршы-термешілердің республикалық фестивалі болды. Соның да басы-қасында өзі жүрді. Сол фестивальға Қадыр Мырза Әлі аға бастап, Шәміл Әбілтай қоштап, Көпен аға ұйымдастырып, бәріміз бірге Қызылордада фестивальды өткізіп қайттық. 2000-жылдары. Өте қиын уақыт болатын. Соған қарамастан ұлттық мұра, дәстүрлі мәдениетіміз өшпесін, өлмесін деп демеуші тауып, бас жүлдеге көлік беріп, керемет кеш өткізіп еді.

Көпен аға түлеп ұшқан туған жерінде, қара шаңырағында болдық. Әмірбек әулетінде бәрі шығармашылыққа жақын. Төпен дейтін әзілге бейім, сөзді тауып айтатын мықты інісі бар еді. Ол кісі де өмірден өтіп кетті. Балапан Базар, Базарбек Түкібаев дейтін туған інісі бар. Ол кісінің де сатирада үлкен орны бар. Ең кенжелері Ерсұлтан Әмірбек те журналистика саласында жүрген жақсы азаматтардың бірі. Сағынышы мен Қуанышын, Жұбанышын ерекше жақсы көретін. Перзентіне деген әкелік қамқорлығы бөлек еді.