Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады

112

Ai-news.kz  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Қымбатты отандастар!

Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.

Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!», – деп жазылған Президент құттықтауында.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні. 10 сәуірде ораза айты мерекесі басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні. 

Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

 

Бұл айда орындалатын ең басты діни амал ауыз бекіту — ораза боп саналады. Рамазандағы ауыз бекіту ислам дінінің бес парызының бірі боп табылып, бүкіл әлем мұсылмандарымен жыл сайын орындалып отырады. Бұл парыздың маңыздылығы соншалық, кейде ауыз бекіту амалын Рамазан деп атауға дейін барады. Бірақ Рамадан — ай аты болса, ауыз бекіту парызы — қазақша ораза деп аталады.

Ораза ұстаған адам таң атқаннан бастап күн батқанға дейін жеуден, ішуден не темекі шегуден бас тартады. Рамазан мезгілінде мұсылмандар ислам қағидаларын неғұрлым тиянақты орындаулары, жыныстық қатынастан бас тартулары, зорлық-зомбылықтан сақтанулары, ашу, қызғаныш, дүниеқорлық, қанағатсыздық, құмар сияқты сезімдерге жол бермеулері, ашулы не мысқылды жауап беруден, өсек тасудан сақтанулары тиіс. Адамдар бір-бірімен әдеттен гөрі тату, ынтымақты өмір сүреді деп күтіледі. Бүкіл ерсі дыбыспен пен көріністен аулақ болу керек. Ой мен амалдың екеуінің де тазалығы маңызды боп саналады. Ораза — Құдаймен жақындасуға бет бұратын әр мұсылман тұлғаның өз алдындағы ибадаты. Ораза ұстау амалының мақсаты жүректі дүниелік тіршіліктен аластатып, адамның ішкі дүниесін зақымнан тазарту боп табылады.

Рамазан айында ораза ұстау бүкіл адамдарға бірдей парыз болмайды. Жыныстық толысу жасына жетпеген балалардың ораза ұстаулары міндет емес, бірақ кейбіреулері ұстайды. Айтқанымен, жыныстық толысу кешіккен жағдайда, ораза белгілі бір жастан кейін ер адамға да, әйел адамға да парыз болады. Құран бойынша, егер ораза ұстау ауру адам секілді біреудің денсаулығына зиян әкелу мүмкіндігі болса, бұл адам ораза ұстамаса да болады. Мысалы, қант диабеті ауруына шолыққан адам немесе емізетін иә екі қабатты әйел адамдар әдетте ораза ұстамайды. Алайда бұндай адам оның орнына мұқтаж кісіні тамақтандыруға шақырылады  Мұрағатталған 30 қыркүйектің 2008 жылы.. Хадис бойынша, етеккір кезіндегі әйел адамға ораза ұстау тиым салынады. Әдетте ауыз бекітпесе де, болатын басқа жағдай ретінде соғыстағы адам мен үйінен тыс бес күннен кем уақыт өткізуге ниеттелген жолаушы боп саналады. Егер адамның ауыз бекітуі қиындық тудыратын халі уақытша құбылыс болса, өткізілген күндердің орнын Рамазан айынан кейін келесі Рамазанға дейінгі мезгілде толтыруы тиіс. Егер мұндай халі ұзаққа созылатын болса, әр ұстай алмаған күнінің орнына мұқтаж адамды тамақтандырса да болады.

 

Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айданда қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. 

 

 

Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдалары өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандайда бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады.

Сондай-ақ, Алла Елшісі  тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы –рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деген екен. Ал, Алла Тағала пендесін бар күнәсына қарамастан осылай кешіріп тұрса, онда құлға жарасқаны өзге құлдарды да кешіре білу емес пе?!

«Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз  тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», – деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.

Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.

Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды.