Шаһарда «Амал» мерекесі тойланды
Ai-news.kz. Бүгін 14 наурыз – көрісу күніне орай «Амал» мерекесі қала көлемінде тойланды. Соның бірі – А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің жанындағы «Достық» аллеясында өтті.
Аллея аумағы Наурыз нақыштарымен безендіріліп, мерекеге сай ажарлана түсті. Киіз үй тігіліп, келушілерге ұлттық дәм ұсынылды. Жігерлі жігіттер арасында ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Кимешек киген кейуаналар мен ұлттық киімі жарасқан жастар сызылта ән салса, жиналған жұрт ұйымшылдықпен тал отырғызды.
Көпшілікпен бірге қала әкімі Серік Қожаниязов шараға қатысып, Амал мерекесімен құттықтады.
«Ұлт ойшылы Мәшһүр Жүсіптің өзі 14-ші наурызды көктемнің алғашқы күні деп, «Наурызнама» мейрамының тойлануын жазған. Бізде де биылғы жылы еліміз бойынша 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың онкүндігі аталып өтіледі. Осы уақыт аралығында әр күнге ерекше атау беріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жан-жақты дәріптеледі және ол дәстүрге айналады. Міне, бүгін сол дүбірлі тойдың беташар сәті» – дей келе, «Оразамыз қабыл болып, Амалдан амалға аман-есен жете берейік!» – деген тілегін жеткізді.
Бұл шараға қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты басқармасының төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және қала ардагерлері арнайы қатысты.
Өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қатар бүлдіршіндердің тұсаукесер рәсімі жасалып, қала әкімінің атынан қос бөбекке тарту-таралғы ұсынылды. Қоғам қайраткері Болатбек Пұсырман елдіктің асыл мұраттарын асқақтату, елжанды қасиетті құрметтеу туралы тағылымды ой айтып, батасын берді.
Көрісу күні Наурыз мейрамының бастауы деуге де болады. Адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышқан шағы бұл. Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиген шақ. Наурыз - жаңару мейрамы. Хакім Абайдың өзі «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп жырлайды, деп Turkistan Today хабарлайды Ernur.kz дереккөзіне сүйене отырып.
Бұл дәстүрдің тарихына үңілетін болсақ, ертеректе көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыздың қыс айларында бір-бірімен көрісе алмай, көктем шығып, күн жылына бастағанда сағынысып, амандық-саулық сұрасуы дәстүр ретінде сақталып қалса керек. Ал «Амал мерекесі» деп айтылу тарихында да ешқандай өзгешелік жоқ. Шығыс күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. Мұндағы амал сөзі ескіше парсы тілінің хамал сөзінен алынған. Наурыз айын парсыша «Хамал» айы деп атауы себепті, «Амал мерекесі» аталып кеткен. Яғни, «Амал мерекесі» мен «Наурыз мерекесі» дегеннің ешқандай айырмасы жоқ. 14 наурыз қазақта көрісу күні, амал мерекесі. Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жатады. «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды. Бұл күні ең алдымен әулеттің үлкендеріне барып, сәлем беріп көрісіп жатады. Кәде-сыйлары да міндетті түрде бір-бірінің көңілдерін аулап, жаңа жылдың келуіне орай қуанышты болады.
«Бір жасың құтты болсын!» деп тілек тілеу ата-бабаларымыздың әр адамның туған күнін жеке-жеке тойламайтындығының дәлелі. Жаңа жылда бір жас қосылатыны анық. Сондықтан, осы күні ғана адамдар бір-біріне «жасың құтты болсын!» деп тілек тілейді. Бірақ 14-наурызды «көрісу күні» деп емес, «көрісу айты» деген дұрысырақ дейді этнолог мамандар. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді, Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Басқа амалдар тойланбаса да, ең ерекше амал 14 наурыз тойланып, ол салт-дәстүрге айналып, ұлыстың ұлы мерекесіне айналған. Ешкім бұл күн ежелгі ерегесін, Ескі кегін қоздырып, ақы алмайды. Өткен жылғы өкпесін, өкінішін, Жаңа жылға арқалап апармайды. Амал күні қазағым көріседі, Көрісу бұл көненің жемісі еді. «Жасың құтты болсын!» деп жамырасып, Ақ ниетпен, адал қол беріседі. Ұлыстың Ұлы Күні Әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын!