Қытайда қазақтың ұлттық бұйымдарына сұраныс жоғары — алтайлық қолөнерші
0
Ai-news.kz Ұлттық өнерді жан-жақты түрлендіріп, бүгінгі танымға ықшамдап көпшілікке ұсынып жүрген қолөнерші Бағдагүл Оралтайқызы Алтайда тұрады. «Дана» сыртқы сауда серіктестігін құрған шебер 180 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орталық Азия БАҚ өкілдері аталған компанияның жұмысымен танысты.
Бағдагүл Оралтайқызының айтуынша, қолөнер — ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, тамырын тереңге жайған асыл мұра. «Шебердің қолы ортақ» демекші,Бағдагүл Орынбайқызы білгенін өзгелерге үйретуден жалыққан емес. Кәсібін шағын ғана кесте шеберханасынан бастаған ол бүгінде үлкен компанияны басқарып отыр.
«2012 жылы „Дана“ сыртқы серіктестігі құрылды. Мұнда түрлі ұлттық бұйымдар жасалады. Бізден шыққан авторлық өнімдер шет елде жоғары сұранысқа ие. Жасаған дүниемізді Азия мен Еуропа елдеріне экспорттаймыз. Компанияда қолөнерге қызығушылық танытқан жандарға арналған қысқа мерзімді оқу курсы бар. Онда жасқа шектеу жоқ. Үйренем деушілерге есік ашық. Мұнда әр сала бойынша 36 оқытушы бар. 2016 жылдан бері 7 мыңға жуық қыз-келіншек текемет басып, кілем тоқу, сырмақ сырып, құрақ құрауды үйренді», -дейді шебер.