АУДАРЫСПАҚТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА СПОРТШЫЛАРЫ ФИНАЛҒА ӨТТІ
Ai-news.kz. Тоғызыншы қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақтан сынға түсіп жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының үш бірдей спортшысы финалға өтті, деп хабарлайды «Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының» баспасөз қызметі.
Аударыспақ ипподром маңындағы этноауылда өтіп жатыр. Жарысқа 9 мемлекеттен, 64 спортшы тіркелді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Қазақстан намысын қорғап жатқан Ермек Құралбай (60 келі), Алмат Ләтіпбек (70 келі), Дарын Өткелбай (80 келі) финалға шықты.
«Жақсы дайындықпен келдік. Финалдағы қарсыласым – былтыр ат үстіндегі күрестен 60 келіде чемпион болған қырғыз палуаны. Ел намысын қорғап, бірінші орын аламыз деген үміттемін», – деді аударыспақтан ұлттық құрама спортшысы Ермек Құралбай.
Оныншы қыркүйекте Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынға түседі.
Айта кестек, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді. Қазақстан құрамасынан 216 спортшы қатысады. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана.