АСЫҚ АТУ МЕН БЕС АСЫҚТАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ФИНАЛҒА ШЫҚТЫ
Ai-news.kz. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы асық ату мен бес асық сайыстарынан финалдық кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды «Ұлттық спорт және ат спорты» түрлері орталығының баспасөз қызметі.
Асық атудан ерлер құрамасы А тобында өнер көрсетіп, қарсылас шақ келтірмей 15 ұпай жинап, алғашқы орынмен шықты. Отандық асықшылар Өзбекстан, Испания, Грузия, Мажарстан және Монғолия құрамаларын 3:0 есебімен жеңіп, топтық кезеңді жеңілісіз аяқтады.
Бес асық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы да қарсыластарына есе жібермеді. А тобында Мажарстан, Қырғызстан, Швеция және Румыния құрамаларымен кездесіп, барлық қарсыласты 3:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, асық ату мен бес асықтан финалдық ойындар 11 қыркүйек күні «Алау» мұз айдыны кешенінде өтеді. Асық атудан ерлер құрамасы ақтық сында Б тобынан алғашқы орынмен шыққан Қырғызстан құрамасына қарсы ойнайды. Ал, өз кезегінде бес асықтан әйелдер құрамасы финалда Б тобынан бірінші орынмен шыққан Ресейге қарсы өнер көрсетеді.