Қызметтік иттер оқу-жаттығудан өтті

212

Ai-news.kz Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесі мен 5547 ҰҰ әскери бөлімінің кинолог бақылаушылары бірігіп, 5547 әскери ротасында оқу-жаттығу өткізді.


Оқу-жаттығуда қызметтік иттердің тарихы, түрлері және үйрету тәсілдері түсіндіріліп, жаттығу жұмыстары жүргізілді. Жаттығуға қатысушылардың бірі №60 мекеменің кинолог бақылаушысы Рахат Маратұлы бұл салаға келгеніне жыл толмады. Оқуын аяқтай сала, кинолог маман ретінде қызметке қабылданып, Мартин есімді серігімен бірге түрлі оқу-жаттығуға қатысып келеді.

Әскердегі тыныс-тіршілік өзгеше бір әлем секілді. Бұл саланың өзіндік міндеті, атқарар қызметі, алға қойылған нақты мақсаты мен жоспарлары бар. Әскери қызметтегі әрбір жан Отанға деген патриоттық тәрбиені бойға сіңіре отырып, адал қызмет етуді, азаматтық борышты ыждағаттылықпен орындауды бірінші орынға қояды. Осы орайда кинология қызметіне қатысты аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Оқу-жаттығу кезінде қызметтік иттерді тыйым салынған аймақтағы негізгі жолақтарда із іздеу, сотталғандардың қашу кезіндегі жасырынған орындарын анықтау, мекемеге кірген және шыққан автокөліктерден тыйым салынған заттарды анықтау бойынша, сонымен қатар, қашуға әрекеттенген жағдайда сотталғанды ұстау және күзету кезіндегі іс-әрекеттерге шолу жасалды. Бұл әрекет ауызша түсіндіріліп, іс жүзінде әр маманнан қайталап көрсету талап етілді. Қазір 7 жастағы Мартин есімді көмекшіммен бірге жоспарға сай жаттығу алаңындамыз. Ерекше қасиетке ие көмекшім екеуміз аз уақытта тіл табысып, тыйым салынған заттардың мекеменің ішкі аумағына енуінің алдын аламыз. Бұл салада олармен жұмыс істеу қиын. Күшік кезінде мінезін әбден зерттеу қажет. Тінтуші жануарды осы мамандыққа үйрету – жас баланы тәрбиелеумен бірдей. Оны да алдайсың, еркелетесің, тіпті ұрысып та аласың. Оларды күтіп, баптау біздің міндетіміз. Қызметке қырағылық осындай жаттығу кезінде байқалып, шыңдала түсеміз. Алдағы уақытта 5547 ҰҰ кинолог бақылаушыларымен бірігіп, мардымды іс тындырарымыз анық, - деді кинолог бақылаушы Рахат Маратұлы.

 Бөлім қызметкерлері осы иттердің көмегімен тоқсан сайын бір рет тінту жұмыстарын жүргізеді.

Ит – адамзаттың, оның ішінде қазақ халқының да көнеден келе жатқан сенімді серігі. Қазақ итті жеті қазынаның біріне жат¬қызатыны да тегін болмаса керек. Өзге жануарларға қарағанда ит иесіне адал әрі сенімді жол серік бола алатын қасиетке ие. Олар туралы айтылып кеткен аңыз-әңгімелердің талайы әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан емес. Тіпті баршамыз білетін «Жыл он екі ай» жылнамалық кітабында да бұл жануар туралы ерекше аталады..


Мәселен, ит белгілі бір құқықбұзушы¬лық, ұрлық болған орында күдіктінің қандай да бір заты қалып қойса, соның немесе күдікті адамның иісі арқылы із кеседі. Иіс сезу мүшесі ерекше дамыған әрі әбден жаттыққан иттер күдіктіні жазбай тануда қателесе қоймайды.


Ит бір секунд иіскеген иісті бес жылға дейін есте сақтайды. Сондай-ақ иістің 11 миллион түрін ажырата алады екен. Адамдарға қарағанда иттің иіс сезу қабілеті он мың есе жоғары болады. Жалпы, иттерді қызметтік мақсатқа пайдалану ежелгі Рим мен Грекиядан бастау алған көрінеді. Ал кейін барып, тұқымына байланысты шаруашылықтың түрлі саласына пайдалану ХІХ ғасырда жандана түскен.


Қызметтік иттің қарым-қабілеттерін тиімді пайдаланатын кәсіби кинолог маман ретінде иттермен жұмыс істеуде жинақтаған тәжірибемді еліміздің игілігі үшін жұмсау –  басты мақсаттарымның бірі. Қоғамдық тәртіпті сақтау жолында атқарып жатқан жұмыстарымыздың нақты нәтижесін көрген сәттерде өз ісімізге деген адалдығымыз арта түседі.