Балалар қауіпсіздігін сақтау – басты назарда

557

Ai-news.kz.  Балаларды тасымалдау тәртібі тексерілді

Қалада балаларды тасымалдауға арналған көліктердің қауіпсіздігі мен талаптарға сәйкестігін бақылау мақсатында күнделікті тексеру шаралары жалғасып келеді. Мұндағы басты мақсат – көліктердің техникалық жағдайын қадағалау, жүргізушілердің тәртібін бақылау, сондай-ақ балаларды тасымалдау кезінде заң талаптарының толық орындалуын қамтамасыз ету.

Тексеру барысында жолаушылар тасымалдау қағидаларын бұзу деректері назарға алынды. Әсіресе, 12 жасқа толмаған балаларды арнайы орындықсыз немесе қауіпсіздік белдігінсіз тасымалдау фактілеріне ерекше көңіл бөлінді. Әрбір балаға қауіпсіздік белдігін тағу, көлікте «Балалар» деген жазудың болуы және арнайы сары жолақтардың көрінуі міндетті шарт болып табылады.

Шара барысында жекеменшік балабақшалардың шамамен 10-ға жуық әкімшілігіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабына сәйкес хаттамалар толтырылды. Бұл құқық бұзушылықтар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне немқұрайлы қарауға болмайтынын көрсетеді.

Жыл басынан бері жекеменшік балабақшалардың көліктеріне жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 519 әкімшілік хаттама рәсімделген. Сонымен қатар, 23 автокөлік мемлекеттік нөмірінен айырылып, 9 көлік айып тұрағына қойылды. Бұған қоса, 1 жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша хаттама жасалды.

Осы тексерулер балалардың жолдағы қауіпсіздігін күшейтуге, ата-аналардың сенімін арттыруға және тасымалдаушылардың заң талаптарын қатаң сақтауына ықпал етеді. Тәртіпті сақтау – әрбір баланың амандығы мен ата-аналардың алаңсыздығының кепілі.