Шиелі теміржол вокзалының күрделі жөндеу барысына партиялық бақылау жүргізілді

304

Ai-news.kz. AMANAT: Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері вокзалдың күрделі жөндеу жұмысымен танысты.

 

«AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Шиелі кентіндегі теміржол вокзалының ғимаратын күрделі жөндеу және аумақты абаттандыру жұмыстарының барысын арнайы барып көрді.

 

Бақылау шарасына партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Насырбек Мырзабеков, атқарушы хатшы Жібек Баймұратова, аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Шалекеева, “Жастар Рухы” жастар қанатының Шиелі аудандық бөлімше басшысы Азамат Қали және филиал консультанты Біржан Өтебай қатысты.

 

Жиын барысында партия өкілдері ғимараттың әбден тозығы жеткенін, тұрғындар үшін қолайсыздық тудырып келгенін атап өтті. Сондықтан вокзалдың жаңартылуы – уақыт талабына сай, өте орынды қадам екендігі айтылды.

 

Шиелі теміржол вокзалы 1903 жылы салынған. Соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі таңда нысанның жолаушыларды қабылдау қабілеті 150-200 адамды құрайды.

 

Жөндеу жұмыстарының мердігері – «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС, жобалаушы мекеме – «СК Ризалит» ЖШС, ал тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.

 

Жоспар бойынша жаңа кейіпке енген вокзал ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

 

AMANAT партиясының бақылау комиссиясы жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, халық игілігіне ұсынылатын нысанның талапқа сай болуы қатаң қадағаланатынын жеткізді.