Сырдария аудандық газетінің бас редакторы тағайындалды

137

Ai-news.kz. Бүгін Сырдария аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен актив отырысы өтіп, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы таныстырылды. Актив жиынына «Сыр Медиа» ЖШС-нің бас директоры Марат Аралбаев арнайы қатысты.


Аудан басшысы 85 жылдық тарихы бар газетті 2019 жылдан бері басқарып келген Ақтөре Ибрагимұлына алғыс білдірді.


– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ақпараттық қоғам қанша жерден цифрланғанымен газет құндылығын жойған емес. Өйткені, газет жағымды жаңалықтарды жеткізіп, билік пен халық арасын байланыстыратын құрал саналады. 85 жылдық тарихы бар аудандық басылым барлық кезеңде халықты бірлікке, ынтымаққа бастап, олардың еңбектерін көрсетіп келеді. Міне, осы газетті 2019 жылдан бері басқарған Ақтөре Ибрагимұлы бүгінде «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы қызметіне ауысты. Ақтөре Ибрагимұлы аудандық басылымда халықты сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету ісінде жүйелі жұмыстар атқарды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени, қоғамдық-саяси дамуына еңбек етіп келеді. Сондықтан шынайы алғысымды білдіремін, – деген Берік Әбдіғаппарұлы арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.


Өз кезегінде «Сыр Медиа» ЖШС-нің  бас директоры М.Аралбаев та А.Ибрагимұлын аудандық басылымның дамуына қосқан үлесі үшін «Алғыс хатпен" марапаттап, ризашылығын білдірді.


Серіктестік директоры Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалған Аружан Мұханбетқалиқызын таныстырды.


– Аружан Мұханбетқали 2015-2020 жылдары Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары білім алған, одан кейін 2020-2022 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде гуманитарлық ғылымдар магистрі болып, білімін жетілдірген. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне қызметке қабылданып, бүгінгі күнге дейін бас редактордың орынбасары қызметін атқарып келді. 85 жылдық тарихы бар газетті оқырман талабына сай әрі қарай дамытады деп сенім білдіреміз, – деді Марат Жайылханұлы.


Сонымен қатар, серіктестік директоры бас редактордың орынбасары қызметіне Ордабеков Балтабай Аябекұлы тағайындалғанын жеткізді.


Аудан әкімі жаңа қызметке тағайындалған жас мамандарға қызметтеріне сәттілік тіледі.


Актив отырысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, сала ардагерлері Ш.Нұрсейітов пен М.Қалмұратұлы сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді.