Аралдық кәсіпкердің тәттілері қолдау тапты

104

Ai-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмыстарының бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшамды әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заң қабылдануға тиіс" деп кәсіпкерлерге жасалатын қолдаудың қаншалықты артатынын баса айтқан болатын. Міне, осы бағыттағы жұмыстар қазірде ел көлемінде ауқымды түрде жүргізіліп жатыр. 


Бұл жұмыстар ауданда да ауқымды түрде жүзеге асып, мемлекеттің қолдауына кенеліп жүрген жандар аз емес. Ендеше солар жайлы айта кетсек. 

Айтпақшы, мемлекеттің қолдаудың тағы бір бағыты кәсіп бастаймын деген азаматтарға арналған гранттар бөлу. Расында бұл көпшілікке ойда жүрген, қолдан келетін өнерін, ептілігін күнкөріс көзіне айналдыру ғана емес, сол арқылы өзгенің де сұранысын қамтамасыз етудің нақты жолы. Былтыр берілген гранттың аудан халқы игілігін көруде. Қолдаудан қанаттанған жандардың арасында жаңа идеялар мен ауданнан алғаш рет шығарылып отырған өнімнің иелері де бар. Солардың бірі Арал қаласының осы бір тұрғыны.

Көршілес Қазалы ауданынан шығатын «Қазалы» кәмпитінің дәмі баршаның ауызында болар. Нарыққа еркін еніп, көпшіліктің көңілінен шыққан өнімнен расында дәм татпау мүмкін емес. Ал осындай кәмпит бізден де шығады десек сенесіздер ме? Ендеше айтайық.

Бұл – «Біздің кәмпит». Расында солай. Ауызыңыздың дәмін, дастарқаныңыздың сәнін келтіретін бұл өнімнен ауыз тисеңіз, есіңізде кетпейді. Оған көзіміз жетті. Тәттіқұмар балалық шағымыз еске оралып, баладай қуанып қайттық. «Біздің кәмпитті» шығарып отырған Меңтай Жүсіповамен тілдескенімізде шыққанына 1 жыл ғана болған бұл өнімдерге бүкінде сұраныс артып келеді. Арал қаласынан бөлек ауылдық жерлерден де тапсырыс беретіндер бар екен.

– Қазірде кәсіппен айналасыман деген жанға қолдау көп қой. Соны естіп, көріп жүргендіктен қарап қала алмадық. Алғашында «не кәсіп бастасақ болады?» деген сауал мазалады. Сонда жолдасым Абдулла Жүсіпов дәл осы «кәмпит шығаруды қолға алсақ қайтеді?» деген еді, – дейді кәсіп иесі.

Бірақ барлығы бірден қалпына келіп, жолға түсе қоюы мүмкін емес қой. Сол қиындықты жергілікті кәсіпкер, көп балалы ана Меңтай да бастан өткерген. Бұрын соңды ауданда мұндай кәсіп көзі болмағандықтан кәмпиттің құрамын, қалай жасалатынын үйренуге де айтарлықтай уақыт кеткен. Жер-жерден кәмпит өндірісінің тәсілін сұрастырып, өз дегендеріне жетті.

Былтыр осы кәсіпті жүзеге асыру мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, 2023 жылдың маусымында «Мұзды кәмпиттер және мармелад өндіру» бойынша бизнес-идеясын іске асыру мақсатында 1 380 мың теңге көлемінде грант жеңімпазы атанған.

Бір қызығы осындай тәтті кәмпиттердің бізден шығатынына алғашында ешкім сенбеген. Дәмін татып, оң бағасын беріп жүрген жандардың өзі «Аралдан осындай өнім шықты дегенге сене алар емеспін» деген көрінеді. Бірақ қазірде қосымша жұмыс орнын ашып, бір адамды тұрақты жұмысқа қабылдап, өзінің ұйымдастыруымен кәсібін, дамыту мақсатында жұмыс жасап келе жатқан жанның еңбегі бағалануда. Қажетті шикізаттарды Ақтөбе мен Алматы қалаларынан алдырып отырған кәсіпкер бүгінде ауданның нарығына еніп үлгерді. 

Алдағы жоспарларын да бөліскен кәсіпкер Аралдағы дүкендердің сөрелерімен қатар ауылдарда да сатылымға түскен тәттілердің көлемін арттырмақ ниетте. Енді Аралдың өнімі республика нағына шықса деп көздеген жанның еңбегіне береке тілейміз.