Жаңару күнінде қазалылықтар 150 түп көшет екті
Ai-news.kz Бүгін – Жаңару күні. Өткенді қайта қарап, болашаққа жоспар құру кезеңі. Наурызнамаға енгізілген бұл атаулы күнді биыл көктемгі ағаш егу дәстүрімен бастау ұсынылды. Мерекеге орай, еліміздің әр түкпірінде түрлі шара өткізілмек. Мектеп пен балабақшаларда да мерекелік іс-шаралар жоспарланған.
19 наурыз - «Наурызнама» онкүндігі бойынша «Жаңару күні» яғни қоғамның барлық салаларын жаңарту, ағаш көшеттерін отырғызып, түрлі экологиялық акцияларға үн қосу.
Осы ретте Қазалыда Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Көктемгі көшет» тал егу акциясына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары, түрлі сала қызметкерлері мен белсенді жастар және еріктілер қатысып, аудан аумағын көшетпен көмкерді.
Жаңару күнінде қазалылықтар қарағаш, үйеңкі сынды 150 түп ағаш екті.
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетте игі бастамаға қолдау көрсетіп, әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, қала аумағын жасыл-желекпен көмкеруге үлес қосуы тиіс екенін айтып, қазалылықтарға жаңару күнінде бақ-береке тіледі.
Мұнан соң аудан басшысы тал егу акциясына үлес қосқан азаматтармен пікірлесіп, ақжарма тілегін арнады.
Тазалыққа үндейтін «Жаңару» күнінде қазалылықтардың басын қосқан экологиялық акция дәл бүгін ауданға қарасты барлық кент, қала және ауылдық округтерде жалғасын табуда.