Қоғалыкөл ауылында 14 тұрғын қайтарымсыз грант иегері атанған

647

Ai-news.kz. Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылында жыл басынан бері 14 тұрғын қайтарымсыз грант иегері атанды.

Қоғалыкөл – жұрт қызығатын ауыл. Егін де, мал да, сауда да – қай-қайсысына да тиімді. Аудан орталығы мен облыс орталығының дәл ортасында орналасқан. Ағарғанын арқалап, қалаға апарып сатып, пұлдап жүргендер көп. Мал бордақылау ісімен айналысып, облыс халқын етпен де қамтамасыз етуде. Бұл кәсіптің әрбірінде жастардың үлес салмағы жоғары. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, кәсіп ашқандардың да қарасы қалың мұнда. Биылдың өзінде оннан астам кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болыпты.

Грант қаражатына кәсіп бастағандардың бірі – ауылдың жас келіні Мөлдір Бақтыбайқызы. Ол халыққа табиғи, таза сүт өнімдерін ұсыну мақсатында қаражатқа қол жеткізіп, үш бұзаулы сиыр сатып алыпты. Бүгінде қатық, айран, құртты кезек-кезек жасап, тұтынушыға ұсынып жүр.

– Ауылда тұрған соң мал ұстасаң, береке ғой. Балаларың қай малдан не өнім алатынын біліп өседі. Ет пен сүттің қайдан пайда болатынын білмей өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Біз осыдан қорқуымыз керек. Оның үстіне, ағарғанмен айналыссаң, жолың ашылады. Берекелі кәсіп. Ал кәсіпті таза істесең, елдің батасын аласың. Біздің бағыт – осы. Ата-енем, жолдасым көмектеседі. Алдағы уақытта үлкен бір сүт фермасының иесі болғым келеді. Иә, алдыңа мақсат қойсаң, жетесің, – дейді ол.

Мөлдір тәрізді «Бизнес бастау» арқылы білім алып, сертификатқа қол жеткізсеңіз, өзіңізге ыңғайлы, қолайлы бизнес түрін таңдасаңыз жеткілікті. Осылай кәсібін жандандырған жанның бірі – Нұржан Жүнісов. Ол мемлекет тарапынан 1 572 800 теңге қайтарымсыз қаржы иеленген. Осы қаражатқа 6 бас жылқы алған.

– Кез келген кәсіппен айналысуға болады. Десе де ауылдық жер болған соң малдан артығы жоқ. Бала кезден мал бағып, соған қарап өстік қой. Қора тазалау, оны күтіп-баптау бала кезгі өзімнен жауапкершілігімде болды. Қорада азын-аулақ ірі қара бар еді. Сосын оны кәсіпке айналдырсам қалай болады деген мақсатпен жүріп, жақында бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз қаржыға қол жеткіздім. Жылқы бордақылау мақсатында 6 бас жылқы алдым. Бұл кәсіп түрін отбасылық деп атауға болады. Себебі келіншегім, балаларым көмектеседі. Малды бағу, семірту оңай емес. Оның өзіңе көп уақыт кетеді. Азаннан-кешке дейін «құлап қалмады ма, ауырып қалмады ма» деп уайымдайсың. Малда береке бар деген сөз рас екен, – дейді кәсіпкер.

Иә, ауылдық жерде бизнестің ең дамыған түрі – мал бордақылау. Пайда әкелетін де осы іс. Мал бағу үшін уақытылы жем-суын беру жеткіліксіз.

– Оның қыр-сырын да меңгеру керек. Бастапқыда қиындықтар кездеседі. Жалпы қай іс болсын жауапкершілікті талап етеді ғой. Ал мал бордақылау жұмысы ауыр, табысы күшті бизнес түрі. Жылқы – ерекше күтімді қажет ететін жануар. Ол кез келген шөпті жемейді. Жылқыны семірту үшін оған жоңышқа мен жем береді. Жүгеріні арнайы машинамен үгітіп беру де тиімді. Жүгеріні бұқтыртып беретіндер де бар. Кез келген малды дұрыс күте алса, уақытында жем, суын берсе, доп-домалақ болып шыға келеді, – дейді Нұржан Жұматайұлы.

Нұржанда жоспар көп. Ол әр істің басын шалмай, бір істі терең білу керек деген ұстанымда. Болашақта мал басын көбейтіп, кәсібін өркендетсем дейді. Содан кейін барып, ауылдағы жұмыссыз, жұмыс таппай жүрген жастар санын азайтуға үлес қосқысы келетінін жеткізді.

Ал жас кәсіпкер Жасұлан Жамаладдинұлы өзіне өзі қызмет көрсететін көлік жуу орталығын ашты. Орталық заманауи және көлік жууға ыңғайлы. Күніге 15-20 көлікке қызмет көрсетеді. Шағын және орта кәсіпкерлікке ден қойғандардың басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінеді. Біздің кейіпкеріміз де – қайтарымсыз грант иегері.

Қазіргі таңда қала тұрмақ, ауылда да бір үйде қос-қос көліктен бар. Соған сай көлік жуу орталығының да қызметі сұраныста. Қандай кәсіп пайдалы, қайсысы табыс әкеледі деген ізденіс үстінде болған Жасұлан Абибуллаев қате шешім қабылдамағанына сенімді.

– Мен біраз зерттеп, зерделедім. Бұл бизнесті бастау ісі бірден туындаған жоқ. Отбасыммен кеңестім, пікірлеріне құлақ астым. Жан-жақтан сұрап, біліп, бұл істе қандай қиындық бар, одан қалай шығуға болады, иегеріп кету үшін не істеу керек соған аса назар аудардым. Содан кейін барып, көлік жуу орталығын ашамын деген шешімге келдім. Ата-анам қолдады. Бұл бизнестің ең тиімді тұсы тұтынушы тарапынан шағым болмайды. Себебі тұтынушы өзіне-өзі қызмет көрсетеді. Керегінше заттарды пайдаланып, қалаған уақытында көлігін жуа алады. Оның үстіне бағасы да қалтаға қонымды, – дейді кәсіпкер.

Жас кәсіпкердің көлік жуатын орталығында арнайы 1 орын бар. Автокөлік қорабында сумен жууға, көбікпен жууға және балауызбен жылтыратуға арналған тапанша-шаңсорғыш бар. Өзіне-өзі қызмет көрсету режимі аптаның жеті күнінде жұмыс істейді.

Ауылда тың жоба ретінде бағаланып, ел игілігіне жұмыс істей бастаған орталықта көлік жууға толық мүмкіндік бар. Бағасы қалтаға қонымды, жұмысы өнімді көлік жуу орталығы ашылғаны ауыл тұрғындары үшін жақсы жаңалық. Әркім өзі үшін қызмет қылуға дағдыланса, ауылда мұндай орталықтардың маңызы артады.

Тың кәсіпті қолға алып, ауқымды қаражатты қажет ететін орталықты ашқан азаматтың бастамасына жанашыр жақындары мен достары тілектестік білдіруде. Биыл Қоғалыкөлде осылайша жаңадан 15 кәсіпкер тіркелген. Ұзын саны 174 кәсіп иесі бар. Қазір оның 97%-ы тұрақты жұмыс істеп тұр.