Жастарды отан алдындағы борышын өтеуге даярлау міндеті күшейтілді
Ai-news.kz. Аудан әкімдігінде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға байланысты маңызды жиын өтті. Бұл жолы мерзімді әскерге шақыру комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетовтің жетекшілігімен ұйымдастырылған отырысқа тиісті сала басшылары, ауылдық округ әкімдері және қорғаныс саласының өкілдері қатысты.
Кеңесте Дәурен Оңғарбайұлы жастардың отан алдындағы әскери борышын өтеуі – ел қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесін қорғаудың негізгі кепілі екенін атап өтті. Ол көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқаны кезінде орын алған кейбір кемшіліктерге тоқталып, күзгі шақыру маусымында мұндай жағдайлардың қайталанбауы керектігін қадап айтты. Әсіресе жастар арасында патриоттық тәрбие беруді күшейту, елге қызмет етудің маңызын түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін ерекше ескертті.
Сонымен қатар комиссия мүшелеріне мектептің жоғары сынып оқушылары мен жастар ортасында әскери қызметтің маңыздылығын насихаттап, отансүйгіштік сезімді нығайту тапсырылды. Әскер қатарына шақырылушыларға заңмен қарастырылған жеңілдіктер мен мүмкіндіктер туралы түсіндіру шараларын жүйелі түрде жүргізу міндеттелді.
Жиын барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Нұрлан Көлбаев көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысын баяндап, күзгі шақыру жұмыстарының жоспары мен негізгі міндеттерін таныстырды. Ол медициналық тексерулерді сапалы әрі уақытылы өткізудің маңызына тоқталып, әскерден жалтарып жүрген азаматтарды тәртіпке шақыру мәселесін де назарға алды.
Комиссия отырысында сала басшыларына күзгі әскерге шақыруды қатаң бақылауда ұстап, ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде қамтамасыз ету, әскерге баруға міндетті жастарды толық қамту, сондай-ақ олардың денсаулығына мұқият мән беру туралы нақты тапсырмалар жүктелді.
Кеңес соңында Дәурен Тлеумбетов көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде белсенділік танытып, жастардың борышын орындауына үлес қосқан ауылдық округ әкімдіктерінің бірқатар қызметкерлеріне аудан әкімінің міндетін атқарушының «Алғыс хатын» табыстады.





