«Үздік аула – 2025» байқауына Қызылорда тұрғындары белсенді қатысуда

109

Ai-news.kz. «Үздік аула – 2025» байқауы аясында Шұғыла мөлтек ауданындағы №27 үйдің тұрғындары өз еңбектерінің нәтижесін паш етті. Бұл аула бүгінде көз сүйсіндірер әсем келбетімен, тазалығы және бірлігі жарасқан көршілердің ұйымшылдығымен ерекшеленіп отыр.

«Күн сайын көркейіп келе жатқан қаламыздың ажары оның тазалығымен де байланысты. Ал, тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Өзге аулалардан оқшауланып, көзге түсер бұл ауланың көркі – бірлігі жарасқан көршілердің еңбегі. Егер әр азамат үй-жайы мен ауласын, көшесін құрметтей білсе, ол жер шынымен де жерұйыққа айналып шыға келер еді», – дейді көпқабатты үйдің тұрғыны, ауланы көгалдандыру ісінде белсенділік танытып жүрген Күлзираш Ешпанова.

Тұрғындар бірігіп, аула аумағын көгалдандырып, түрлі тал-теректер мен гүлдер отырғызып қана қоймай, балалардың алаңқайын да абаттандыруға күш салған. Аула іші әрдайым таза ұсталып, жаз айларында жасыл желекке оранып, көрген жанға ерекше әсер қалдырады. Мұның барлығы – көршілердің ортақ жауапкершілігі мен туған жерге деген сүйіспеншілігінің айғағы.

Байқауға қатысып отырған бұл аула өзгелерге үлгі болып, ел ішінде экологиялық мәдениетті көтеруге және адамдардың туған жерін аялап, күтуге үндейді.