Ақсуат ауылдық округінде 281 млн теңгенің 11 жобасы қаржыландырылды

246

Ai-news.kz. Ақсуат ауылдық округінің әкімі Нұрболат Бақытов 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді. Әкімнің айтуынша, есепті кезеңде инфрақұрылымдық жобалар жалғасып, кәсіпкерлік пен ұлттық спортты дамыту бағытында ауқымды шаралар қолға алынған.

 

Инфрақұрылымға басымдық берілді

 

Өткен жылы басталған ұзындығы 22,5 шақырым болатын 32 көшеге электр желісін тарту жұмыстары биыл да жалғасын тапты. Сондай-ақ төрт көшедегі жол жөндеу жұмыстары бойынша қаржы қарастырылып, іске асырыла бастады.

Биыл 18 көшеге жол құрылысы жүргізіліп, төрт көше қайта жаңғыртылуда. Ал А.Арысбаев, Орманбаев және О.Жакенов көшелеріне ұзындығы 1,22 шақырымды құрайтын түнгі жарық бағаналары орнатылды. Бұдан бөлек, тағы жеті көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату үшін тиісті мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.

Сонымен қатар, ауылдық округте ұлттық спортты дамыту мақсатында арнайы жер телімі белгіленді.

 

Кәсіпкерлікті дамытуға қолдау

 

Ақсуат ауылдық округінде бүгінгі таңда 602 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жыл басынан бері кәсіпкерлік саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.

 

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы құны 281 миллион теңгені құрайтын  он бір жоба мақұлданып, қаржыландырылды. Оның ішінде сегіз жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, 46 миллион теңге көлемінде қолдау тапты.

 

Сонымен қатар, 18 кәсіпкердің 28,3 миллион теңгені құрайтын жобалары мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл ауыл тұрғындарына өз бизнесін ашуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.

 

Жаңа жобалар қатарында

 

Қаржылай қолдауға ие болған жобалар арасында:

          •         ағаш шеберханасы,

          •         ара шаруашылығы,

          •         темір бұйымдар өндірісі,

          •         массаж орталығы,

          •         жылыжай кешені,

          •         кондитерлік цех,

          •         шағын тігін цехы,

          •         құрылыс материалдары (пескоблок, бордюр, брусчатка) өндірісі,

          •         автокөліктерді жөндеу орталығы бар.

 

«Біздің басты мақсатымыз – ауылдық округ тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету және инфрақұрылымды жетілдіру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Ақсуат ауылдық округінің әкімі Нұрболат Бақытұлы.