Аудан дамуы — ортақ мүдде: кезектен тыс сессияда маңызды шешімдер қабылданды

289

Ai-news.kz. аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXXI сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Мұрат Өскенбайұлы Тұрабаевтың төрағалығымен өткен бұл жиынға аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков, аудандық мәслихат депутаттары, мәслихат аппаратының қызметкерлері, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Сессия барысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер кеңінен қаралып, алдағы уақыттағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін шешімдер қабылданды.

 

Атап айтқанда, «2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту туралы» 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешімге енгізілетін өзгерістер, Шиелі ауданы әкімдігінің дербес құрамына келісу және терроризмге қарсы аудандық комиссия құрамына түзетулер енгізу мәселелері күн тәртібіне қойылды.

 

Аталған мәселелер сессияға дейін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты сараланып, әрбір ұсыныс егжей-тегжейлі талқыланған болатын. Соның нәтижесінде сессияда көтерілген ұсыныстар депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, бірқатар шешімдер қабылданды. Бұл шешімдердің барлығы да аудан халқының әл-ауқатын арттыруға, басқару ісінің тиімділігін күшейтуге, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғаны сөзсіз.

 

Сессия жұмысы сындарлы пікір алмасу, өзара түсіністік пен жауапкершілік рухында өтті. Қабылданған шешімдердің жүзеге асуы – ауданның одан әрі дамуына серпін берері анық.