Аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Таза Қазақстан» акциясына қатысушыларды марапаттады

244

Ai-news.kz. Жалағаш ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді түрде атсалысқан мекемелер мен тұрғындарды марапаттау рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, табиғатты қорғау мен ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Тазалық пен табиғатты сақтау – әрбір азаматтың борышы. Ауданымызды көгалдандыру, көркейту және экологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытындағы жұмыстар бір реттік акциямен шектелмейді. Бұл – ұзақ мерзімді, жүйелі түрде жүзеге асатын ортақ мақсат. Әрбір тұрғын өз ауласын, көше мен ортаны таза ұстауға үлес қосса, ауданымыздың ажары арта түседі», – деді Ардақ Ибраимов.

Марапаттау рәсімінде акцияға ерекше белсенділік танытқан мекеме қызметкерлері мен тұрғындарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұған дейін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданның барлық мекемелеріне тал егу мен көгалдандыру үшін арнайы жер телімдері бөлінген болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды нәтижелі атқарған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі үздік деп танылып, арнайы қаржылай сертификатқа ие болды.

Аудан басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда осындай шаралардың маңызы зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясының тұрақты сипат алатынын, ауданда тазалық пен тәртіпті сақтау, жасыл аймақтарды көбейту және қалдықтарды сұрыптау бойынша жүйелі шаралар жалғасын табатынын жеткізді.

Қатысушылар өз кезегінде аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, экологиялық мәдениетті дамыту жолында алдағы уақытта да белсенділік танытатындарын айтты. Бұл игі бастама – тек тазалық шарасы емес, келешек ұрпаққа таза әрі көркем табиғатты аманат етуге бағытталған ортақ іс.