Шиеліде еңбек қауіпсіздігі мен туризмді дамыту мәселелері талқыланды
Ai-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кезекті мәжіліс отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың төрағасы және “AMANAT” партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы қатысты.
Күн тәртібінде өңір үшін маңызды екі мәселе қаралды. Бірінші болып аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов «Еңбек қауіпсіздігі және еңбек саласын цифрландыру» тақырыбында хабарлама жасады. Ол еңбек қатынастары саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарды саралап, өндірістік жарақаттардың алдын алу, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ еңбек шарттарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Сонымен қатар, цифрландыру үдерісінің еңбек саласындағы тиімділігі мен қолданыстағы ақпараттық жүйелер жайлы мәлімет берді.
Екінші мәселе — “Туризм саласын дамыту және туристерге қолайлы жағдай жасау” жөнінде аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің міндетін атқарушы Жазира Жақсылықова баяндама жасады. Ол өз сөзінде аудандағы туристік әлеуетті арттыру, мәдени-тарихи орындарды насихаттау, инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету және сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында қолға алынатын нақты іс-шараларды атап өтті.
Жиынды қорытындылай келе, аудан басшысы Айтбай Жандарбеков көтерілген әр мәселенің маңыздылығын атап өтіп: «Басты міндет – халыққа барынша ыңғайлы әрі сапалы қызмет көрсету. Бұл бағытта әр сала өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, тапсырмалардың орындалуына ұқыптылықпен қарауы тиіс», – деді. Ол жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді талап етті.
Мәжіліс барысында айтылған ұсыныстар мен міндеттер ауданның әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына тың серпін беретін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды.
Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша.