Сыр елілінің еңбеккерлері марапат төрінен көрінді

394
Ai-news.kz№ Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті. 
Форумға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы қатысуда. Делегация құрамында Қазақстанның Еңбек Ерлері  Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, саланың және 50-ден астам шаруа қожалығының басшылары бар.  
 Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін Сыр өңірінің  еңбеккерлері де «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Адал ісімен көпке үлгі болған, ерте көктемнен егіс даласында тер төгіп, жоғары жетістіктерге жеткен еңбек адамдары марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс бригадирі Балғазы Томай бар. 
Сонымен қатар, Жалағаш ауданындағы «Агрохимсервис-С» ЖШС директоры Сергей Ким «Құрмет» орденіне, Қармақшы ауданындағы «Ақжар» шаруа қожалығының  егіс бригадирі Қанат Төралиев, Арал ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының жұмысшысы Төрехан Бердімағамбетов, Шиелі ауданындағы «Халықберді» жеке шаруа қожалығының күрішшісі Жұмабек Бүрісов «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды. 

Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап кеткен;

- Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет.

Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша  мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.

Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс.  

Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы  керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Былтыр "Ауыл аманаты" жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни "тауар несиесін" беру мәселесін қарастыру қажет.

Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.

Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба "Amanat" партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек.

Жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін.

Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек.