Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті

158

Ai-news.kz. Сырдария аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен 25 қазан – Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті. 


Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, халық қалаулылары, еңбек ардагерлері мен тұрғындары қатысты.


"1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға өзгеріс енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика күніне арналған өзінің құттықтауында: «Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар» деген болатын. Президентіміздің және Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысының тапсырмасымен Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 миллиард теңгені құраса, бүгінде бюджет көлемі 744 миллиард теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда. Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белеске шығып, барлық негізгі көрсеткіштерде оң серпін сақталуда. Өңіріміз республика бойынша алдыңғы қатарда. Екі жыл бұрын аудан бюджеті он екі миллиард теңгені құраса, бүгінде бюджет көлемі 16 миллиард теңгеден асты. Осындай жүйелі де нақты жұмыстардың арқасында жыл қорытындысымен ауданымыз  «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясымен марапатталды. Бұл – біздің бірлесе атқарған еңбегімізге берілген лайықты әрі жоғары баға. Осы абыройды алдағы уақытта да ұстап тұрып, Сырдария ауданының үздіктер көшін бастауына бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек", – деді Берік Әбдіғаррапұлы.


Салтанатты іс-шарада ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен», облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.


Мерекелік салтанатта аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.