Аудан әкімінің есепті кездесулері Бұқарбай батыр, Таң және Ақсу ауылдық округтерінде жалғасты

466

Ai-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халық алдындағы есепті кездесулері Бұқарбай батыр, Таң және Ақсу ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім мен мекеме басшылары қатысты. Жиын барысында аудан әкімі облыс пен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларды таныстырды.

А. Ибраимов өз сөзінде Мемлекет басшысының, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Президенттің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы, мәдениет, спорт және білім беру нысандары салынды. Сонымен қатар, аудандық деңгейде жол құрылысы, инфрақұрылым, электр желілерін жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Аймақ басшысының қолдауымен жаңа Руханият орталығы пайдалануға беріліп, білім беру ұйымдары мен ауылдардағы медициналық ғимараттар жаңартылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұқарбай батыр ауылында 2024 жылы басталған 11 көшенің құрылысы бойынша жұмыстар 2025 жылы толық аяқталды. Атап айтқанда, 2 көшеге республикалық бюджет есебінен 50 миллион теңге бөлініп, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген болатын, ал қалған 9 көшеде асфальт төсеу толық жүзеге асырылды. 2026 жылы елді мекенді көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 5 миллион теңге, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге 3 миллион теңге бөлінуі жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы құны 170,2 миллион теңгеге 16 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары іске асырылатын болады, бұл ауылдың түнгі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Таң ауылдық округінде өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жалпы құны 3,7 миллион теңгеге елді мекенді көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кіреберіс көшелерге бейнебақылау камералары орнатылып, ішкі көшелерді жарықтандыруға 6,5 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар, ауылдық мәдениет үйіне жалпы құны 350,3 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимарат пайдалануға берілді. Елді мекендегі қосалқы станция қайта жаңартылып, электрмен жабдықтау сапасы артты. «Таң ЛТД» ЖШС демеушілігімен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш бой көтерді. Сондай-ақ, серіктестік жалпы құны 422 миллион теңгеге «Өндірістік база» цехын салуда, онда мақсарыдан май, жүгеріден ұн және күріштен лапша өнімдері өндірілетін болады. Жаңа цех іске қосылғаннан кейін 22 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ақсу ауылдық округінде 2025 жылы ішкі көшелердің жарықтарын жаңарту, энергиямен қамтамасыз ету және техникалық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 3,4 миллион теңге бөлініп, көше шамдарын ауыстыру және көше атаулары жазылған белгілер орнатылды. Сонымен қатар, жалпы құны 164,4 миллион теңгеге Ақсу–Беркімбай бағытындағы аудандық маңызы бар кірме автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Сәрке батыр» ЖШС және «Мақсат» қорының демеушілігімен кейбір көшелер жарықтандырылып, ауылдық округ инфрақұрылымы жақсарды.

Сонымен қатар, М. Әуезов, Т. Қожағұлов және Ақбөгет көшелерінің құрылысы жобасы бойынша жеңімпаз «РиА-Сервис ЛТД» ЖШС анықталды, жобаның құны 298,5 миллион теңге. С. Дәулетбеков, Ақарық және Алғабас көшелерін жөндеу, сондай-ақ С. Дәулетбеков, Конституция, М. Найзабаев, Т. Боранбаев, Т. Елеусінов және Бостай би көшелерінің жарық шамдары құрылысын қамтамасыз етуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер облыстық басқармаға жолданды.

Кездесулер барысында тұрғындар жол құрылысы, ішкі көшелерді абаттандыру және жайылымдық жер мәселелеріне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі барлық айтылған мәселелердің назарға алынатынын, тиісті жұмыстардың жүргізілетінін және орындалуын бақылауға алатынын жеткізді. Бұл есепті кездесулер тұрғындар мен әкімдік арасындағы ашықтық пен сенімді нығайтуға, ауылдық инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.