Сыр жұртшылығы «Біздің күшіміз бірлікте» республикалық акциясына үлес қосты

112

Ai-news.kz. Сыр жұртшылығы «Біздің күшіміз бірлікте» республикалық акциясына үлес қосты.

Бүгін Халықаралық отбасы күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде «Біздің күшіміз бірлікте» республикалық акциясы басталды. Акцияны Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия ұйымдастырды.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының үйлестіруімен су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына 30 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Онда төсеніш, жастық, көрпе, гигиеналық заттар, балалар жөргектері, ересектер және балалар киімдері, тұрмыстық заттар, азық-түлік және т.б. керекті заттар бар. Гуманитарлық көмекті жинауға қаладағы барлық мекемелер мен тұрғындар атсалысты.

Арнайы іс-шараға қатысқан комиссия төрағасы, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов және комиссия мүшелері су басқан аймақтар халқына ізгі тілек білдірді.

Еске салсақ, Сыр жұртшылығы су тасқыны болған өңірлерге белсенді түрде көмек қолын созуда. Республикалық қайырымдылық акциясына облыстың барлық мемлекеттік мекемелерімен қатар, ірі кәсіпорындар, компаниялар, меценаттар, партия және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдары, волонтерлер айрықша үлес қосты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қызылорда облысынан еліміздің Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарына 738 адам, 216 арнайы техника жіберіліп, көмек көрсетілуде. «Торғай Петролеум» мұнай компаниясы 50 млн теңгенің гуманитарлық көмегін берсе, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері 100 тоннаға жуық ақ күрішпен қамтамасыз етті.

Қала және аудан әкімдіктері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер жұмылды. Жинақтау пункттері ашылып, су тасқыны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінен 150 млн теңгенің гуманитарлық көмегі жөнелтілді.

Мұнан бөлек, облысқа Батыс Қазақстан өңірінен уақытша келген 103 оқушы мен 10 жетекшісі «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына орналасырылып, 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.


Тасқын судан зардап шеккен қазақстандықтарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Республикалық штабтың отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ол азаматтарды алаңдамауға шақырды. Мемлекет пен бизнес бірігіп, барлық шығынды өтейді. Бастысы адам шығынына жол бермеуіміз керек, - деді президент. Сондай-ақ апат болған аймақтарда әлеуметтік маңызды қызметтер мен азық-түлік бағасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет.

Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл болжам жұмыстары мүлдем болмаған білдіреді деді Президент. Әкімдер алдын алу жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеген. Қауіп әлі де сейілген жоқ. Сондықтан үкіметке жүктелер міндет көп. Қысқасы, талап қатаң болады , - деп ескертті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.



Ал, Атырау облысының 100-ден аса тұрғыны Қызылорда қаласына орналастырылып, тиісті көмек көрсетілуде.