Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылы газға қосылды

494

Ai-news.kz. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылында табиғи газ қосу рәсімі өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ауылдың ел ағалары, сондай-ақ тұрғындар қатысты. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен ілігі іске асумен, яғни көгілдір отынның келуімен құттықтап, бұл шараның тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне жаңа серпін беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшымыз Үкіметке газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруды және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуды міндеттеді. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы. Соңғы жылдары аймақта газдандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп, 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болса, 2022–2025 жылдары 63 млрд. 600 млн. теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде биыл облыстың жалпы газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетпек.

Рәсім барысында ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатыны айтылды. Газ желісінің іске қосылуы ауылдағы әрбір отбасының тұрмысын жеңілдетіп, қысы-жазы жылу мен жайлылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл жоба ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына ықпал етеді.

Дүр Оңғар ауылындағы магистральдық газ желісіне қосылу жобасына облыстық бюджеттен 7 млрд. 200 млн. теңге қарастырылған. Ауылға тартылған 62,5 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясынан Сырдария өзені арқылы жеткізілді. Бұл жоба алдағы уақытта 10 мыңнан астам халқы бар 9 елді мекенді кезең-кезеңімен магистральдық газ желісіне қосуға мүмкіндік береді.

Рәсімде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан алдыңғы буын ағалар мен мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы да құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындардың мерейін үстем етті.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қармақшы ауданындағы газдандыру деңгейі 78 пайызға жеткен болатын. Дүр Оңғар ауылының қосылуы арқылы бұл көрсеткіш 83 пайызға ұлғаяды. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Жалпы, ауыл тұрғындары үшін табиғи газдың тартылуы – тек қана тұрмыстық қажеттілікті шешу емес, сонымен қатар елді мекеннің дамуына, жастар мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам болып саналады. Барлық шаралардың тиімді жүзеге асуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және аймақтың тұрақты дамуына үлес қосады.