Н.Ілиясов пен Шаған ауылында есепті кездесулер өтті

374

Ai-news.kz. Бүгін Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Н.Ілиясов және Шаған ауылында есепті кездесулер өткізді. Кездесулерде аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен соңғы үш жылда облыста денсаулық сақтау саласына 441 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталуда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынды. Төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыстар, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Барлық елді мекендегі емдеу мекемелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылды.

Қызылордада алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды, сондай-ақ 10 мың донацияға арналған қан орталығы пайдалануға берілді. Медицина саласының мамандарына арналған 100 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталып, жыл соңына дейін аяқталмақ. Облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық, сол жағалаудан 14 млрд 500 млн теңгеге 500 орындық поликлиника, қаланың шет аймағында 10 млрд теңгеге 400 орындық емхана құрылысын жақын күндері бастау жоспарланған.

Спорт саласында да елеулі жетістіктер бар. Облыста УЕФА классификациясы бойынша 4-санатты 11 мың орындық «Қайсар Arena» стадионы салынды. «Самұрық Қазына» қорымен бірлесіп құны 3 млрд 400 млн теңгеге «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Қызылорда Арена» көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені 2 млрд 900 млн теңгеге ашылады. Соңғы үш жылда облыста 20 спорт кешені салынып, тұрғындардың игілігіне берілді. Биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 6 спорт кешені ашылады.

Аудан аумағындағы Н.Ілиясов ауылы биыл 662 млн. теңгеге табиғи газбен қамтылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен өткізілген «Үздік елді мекендер» байқауында іргелі ауыл бірінші орынды жеңіп алды. Шаған ауылында да күрделі жұмыстар жүргізілуде: биыл 8 көше күрделі жөндеуден өтті, ал 2024 жылы ауылды электр желілерімен толық жабдықтау жоспарланған. Елді мекендегі дәрігерлік амбулаторияға 328 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, жақында ауыл табиғи газға қосылды.

Кездесулер барысында тұрғындар инфрақұрылым, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік салаға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан басшысы бұл ұсыныстардың негізінде жұмыс жүргізілетінін, барлық мәселелер тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сонымен бірге, атқарылып жатқан жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету аудандағы әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға үлесін қосатынын жеткізді.

Бұл кездесулер тұрғындар мен билік арасындағы өзара байланыс пен диалогты нығайтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға толық шолу жасауға мүмкіндік берді.