Қожабақы ауылындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары 40 пайызға орындалды

432

Ai-news.kz. Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қожабақы және Бозкөл ауылдарына барып, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан басшысы алдымен ауыл тұрғындарымен кездесіп, олармен ашық әңгіме жүргізді, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың мәселелеріне түсінік берді. Кездесу барысында аудан әкімі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік, инфрақұрылымдық және құрылыс жобалары туралы айтып өтті, сондай-ақ алдағы жоспарланған жұмыстарға қатысты ақпарат берді.

Тұрғындар тарапынан ауыл ішіндегі жолдарды асфальттау, Қожабақы ауылына баратын жолдағы қауіпті бұрылыстарды қауіпсіз ету, Бозкөл ауылына көгілдір отын жеткізу, ескірген балабақша ғимаратын қайта салу сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Аудан әкімі әрбір ұсынысты мұқият тыңдап, тиісті сала басшыларына заңдылыққа сәйкес нақты жауап берді. Ол тұрғындарға бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізіп, елді мекенішілік жолдарды асфальттау бойынша бөлінген қаржыға сәйкес екі ауылдан бір көшеден асфальттау жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Кездесуден кейін аудан басшысы ауылдық округтерде орналасқан әлеуметтік нысандарды аралады. Мектептерді, балабақшаларды және медициналық пункттерді тексеріп, олардың жағдайын бағалады. Сондай-ақ бу қазандықтарының жұмысын қарап, мектеп және балабақша ғимараттарының жылыту жүйесінің сапасына назар аударды. Бұл шаралар елді мекендердің тұрғындары үшін мектептер мен балабақшалардың заманауи стандарттарға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қожабақы ауылында аудан әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда спорт ғимаратының іргетасы мен колонналары құйылып, сыртқы қабырғалары кірпішпен қаланып, ішкі және сыртқы кәріз жүйелері мен ауыз су желісі жүргізілген. Сонымен қатар, жобада қарастырылған колонналар монтаждалды, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі шамамен 40 пайызға орындалды. Спорт кешенін келер жылға дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Аудан әкімі мердігер мекеме – «Намыс-Құрылыс» ЖШС-нің жауапты өкіліне және сала басшыларына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Аудан әкіміның сапары барысында тұрғындар мен қызметкерлер арасындағы өзара байланыс күшейіп, жергілікті билік пен халық арасындағы сенім артты. Елді мекендерде жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және ауылдық аймақтарды көркейтуге бағытталғанын көрсетті. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауыл ішіндегі жолдардың және әлеуметтік нысандардың сапасы тұрақты бақылауда болады, тұрғындардың ұсыныстары назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешілетін болады. Аталған сапар елді мекендердің даму барысын бақылау, инфрақұрылымдық жобалардың сапасын қамтамасыз ету және аудан тұрғындарының күнделікті өмірін жақсарту бағытында атқарылған нақты қадамдардың бірі болып отыр.