Аудан әкімі коммуналдық сала жұмыстарының барысымен танысты

540

Ai-news.kz.  Қазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов коммуналдық сала басшыларымен жұмыс барысын танысып, олардың атқарып жатқан іс-шаралары мен алдағы жоспарларын тыңдады. Қабылдау барысында аудан басшысы тұрғындарға сапалы және үздіксіз коммуналдық қызмет көрсету міндетін ерекше атап өтіп, электр энергиясы, ауыз су, жылу және аудан орталығының тазалығы сияқты күнделікті тұрмысты қамтамасыз ететін жұмыстарға басымдық беруді тапсырды.

Қабылдаудан кейін аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі бірнеше мекемеге арнайы барып, жұмыс барысын өз көздерімен көрді. Солардың қатарында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы, «Қазалы-Су Сервис» мекемесі, «Арал-Сарбұлақ топтық су құбырларын пайдаланушы» Қазалы өндірістік бөлімшесі және аудандық электр тарату торабы бар. Ауданды аралау барысында ол коммуналдық қызметтердің сапасы мен үздіксіздігін тексеріп, әрбір мекеменің дайындық деңгейін бағалады.

Аудан әкімі халықтың күнделікті тұрмысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің коммуналдық саланың басты міндеті екенін атап өтті. «Халықты электр энергиясымен, ауыз сумен толық қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселе. Қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтап, қатты отын қорын жеткілікті деңгейде сақтау маңызды», – деді Алмасбек Есмаханов. Ол сондай-ақ, тұрғындар үшін коммуналдық қызметтердің үздіксіз және сапалы болуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Аудан басшысы көмір қоймаларындағы қордың жеткілікті болуын тексеріп, қысқы маусымда қатты отын тапшылығының болмауын қадағалау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, Әйтеке би кентінің әкіміне аудан орталығының тазалығы мен абаттандыруын, көше бойындағы істен шыққан жарықшамдар мен ескірген жол белгілерін қалпына келтіруді, ретсіз өскен шөптерді шабуды, қоршаулар мен бағаналарды жөндеуді, жол белгілерін сырлауды қадағалау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Аудан басшысы кәсіпкерлерге де өз нысандарының алдында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігін ескертуін тапсырды.

Коммуналдық мекемелерді аралау барысында аудан әкімі әрбір сала басшысына қызмет көрсету сапасын арттыру, тұрғындардың талаптарын уақытылы орындау және қауіпсіздік шараларын күшейту туралы нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, ол ауданның инфрақұрылымын жаңарту, қоғамдық нысандар мен көшелерді абаттандыру жұмыстарының мерзімінде аяқталуына ерекше көңіл бөлді. Шара барысында аудан басшысы коммуналдық қызметтердің халыққа тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызды екенін тағы бір рет атап өтті, бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басты кепілі.