Қызылордада 11 мың орындық жаңа стадион ашылды

754

Ai-news.kz.  Қызылорданың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадион салтанатты түрде ашылды. Бұл тарихи шара футболдан Қазақстан Кубогының финалдық матчымен тұспа-тұс келіп, өңір тұрғындары мен спорт жанкүйерлері үшін ерекше қуанышқа айналды. Ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен мыңдаған қала тұрғыны қатысты. Салтанатты шара барысында жаңа стадионның маңызы мен аймақтың спорт инфрақұрылымын дамытудағы рөлі атап өтілді.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі. Ол жаңа стадионның бой көтеруі – Қазақстан футболының дамуындағы маңызды оқиға екенін ерекше атап өтті. «Бүгін – еліміздің спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшымызға, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз. Бүгінгі ойынға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін! Қазақстан футболының даңқы арта берсін!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның ашылуы ел футболы үшін ерекше маңызды екенін айтып, оның халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайын екенін атап өтті. «Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын!» – деді Марат Талғатұлы.

ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорт кешені заманауи халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңының қасында олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары қарастырылған. Сонымен қатар, нысанда дүкендер мен дәмханалар, сондай-ақ спортшылардың дайындық бөлмелері мен сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта – үлкен жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған жаттығу алаңдары да толық қамтамасыз етілген.

Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендіріліп, жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл жаңа нысан халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды ғана емес, мәдени іс-шараларды да жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді. Қызылорда қаласында бой көтерген бұл заманауи стадион аймақ спортын дамытуға және жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға зор серпін береді.