Қызылордада «Syr-Darya» коммуналдық базары ашылды
Ai-news.kz. Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының бір көрінісі ретінде жаңа “Syr-Darya” коммуналдық базарының техникалық ашылуы өтті. Бұл нысан заманауи үлгіде бой көтеріп, қаланың Сол жағалауындағы тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы азық-түлік өнімдерін ұсынуды мақсат етеді.
Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын сауда алаңы бірнеше аймаққа бөлінген. Мұнда ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс қатарлары, сонымен бірге тұрмыстық қажеттіліктерді қанағаттандыратын қосымша қызмет көрсету орындары қарастырылған. Сондай-ақ, келушілер үшін тамақтану аймақтары да ұйымдастырылған. Бұл ретте базардың ішкі құрылымы мен санитарлық талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
“Syr-Darya” коммуналдық базарының басты ерекшелігі – жергілікті тауар өндірушілердің өнімін тұрғындарға тікелей қолжетімді етуінде. Бұл өз кезегінде өңір шаруалары мен кәсіпкерлерін қолдап қана қоймай, тұрғындар үшін бағаның тұрақтылығына ықпал етеді. Сауда алаңындағы бағалар бақылауға алынып, халыққа тиімді әрі қолжетімді болуына басымдық берілуде.
Қала әкімдігі ұйымдастырған шара аясында базарға келушілер үшін қоғамдық көлік тегін қатынауды қамтамасыз етті. Бұл тұрғындардың жаңа нысанға еркін жетуіне жағдай жасайды.
Мекенжайы: Қызылорда қаласы, Сол жағалау шағын ауданы, Абылайхан даңғылы, н/з (автовокзал маңы).
Жаңа базардың ашылуы қала өміріндегі маңызды қадамдардың бірі саналып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.





